Аралық және төрелік соттарды кеңінен қолдану үшін кадр мәселесіне назар аудару қажет

АСТАНА. Наурыздың 16-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Аралық және төрелік соттарды кеңінен қолдану үшін кадр мәселесіне назар аудару қажет.

Бүгін ҚР Парламенті Сенатында балама сот әділдігі проблемаларын талқылауға арналған жиын барысында ҚР Әділет вице- министрі Марат Бекетаев осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Қазақстанда аралық және төрелік соттарды тәжірибеде кеңінен қолдануда кадр мәселесі өзекті болып отыр. Біз бүгінгі күні еліміздегі санаулы ғана кәсіби, атақты заңгерлердің төрелік сот тәжірибесімен айналысып жүргенін білеміз. Ал қалғандары туралы мүлдем ақпараттар жоқ. Сондықтан да, аралық соттар туралы бірегей базалар мәліметі қалыптасса игі. Бұдан бөлек, төрелік және аралық соттар үшін кадрларды оқыту мен олардың біліктілігін арттыру жүйесін енгізген орынды. Бұл мақсатта жоғары оқу орындары жанынан арнайы бөлімдер ашқан да жөн», деді М. Бекетаев.

Тоқтала кететін жайт, Қазақстанда 15-ке жуық төрелік соттар қызмет етеді. Бұлардың негізгі қызметтік бағыты экономиканың түрлі секторларындағы дау-дамайларды шешуді қамтиды.