Арандатушылардың артында кім тұрды?
Сотқа дейінгі тергеуден «әділдік жолындағы күрескерлердің» жеке басының мүддесі үшін қоғамдық пікірді бұрмалағаны белгілі болды. Және осыдан бір ай бұрын, әлеуметтік желілерде таратылған Т. Төлешовтің өкініш хатынан кейін атыраулық арандатушылардың артында кім тұрғанын білдік. Тағылған айыптар бойынша М. Боқаев пен Т. Аянның қылмыстық әрекеттері дәлелденсе, тиісті қылмыстық жазасын алатыны хақ.
Әрине «белсенділерді» қорғаушы тараптың тәсілі белгілі. Біріншіден, олар айыпталушыларға қосылып қылмыстық іске «саяси» реңк беруге және сотпен процессуалдық ымыраға баруға тырысады. Екіншіден, Макстың науқастылығын алға тартып, жазаны жеңілдету жөнінде өтініш жасайды. Мұндай тактиканың алғашқы қадамын олар жасап та үлгерді. Әлеуметтік желілерде Макстың сырқатының ушыққаны туралы әңгімені гулетіп жатыр. Әрбірден соң: «С гепатиті» деген диагнозбен М. Боқаевты тергеу абақтысында ұзақ ұстауға болмайды» деген пікірлерді таратуда. Осылайша өздерінше «жәрдем қолын» созғысы келеді. Алайда олардың уәжімен қатар, Макстың денсаулығын тексерген дәрігерлер кәсіби және дәлелді дәйектеме жасады.
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің бас гепатологы, жоғары санаттағы гастроэнтеролог Күлпаш Қалиасқарова Макстың сырқатына байланысты «науқастың дерті аса ауыр емес» деген тұжырым айтты. «Дәрігерлердің берген құжатына сәйкес, ол С гепатиті жұқтырғышынан емделген. Жұқтырғыш бойынан толық жойылмағанымен, бірақ одан ешқандай қауіп жоқ. 7 қыркүйекте өткізілген зерттеудің нәтижесінде анықталғандай, 3,6 килопаскаль февроз-F0 стадиясына сәйкес келеді. Демек бауырдың жағдайы жақсы. Қазір оның өміріне ешқандай да қауіп жоқ»,- деп түсіндірді К. Қалиасқарова. Айтпақшы Атырау облыстық ауруханасының жанындағы гепатологиялық орталықтың меңгерушісі Ағиба Аленова да мұны растаған. «Науқастың халі орташа, тұрақты. Бұл диагноз адам өліміне апарып соқтырмайды. Мен әрбір науқасқа С гепатиті СПИД, құрт немесе ісік дерті емес екенін, оның емделетінін жиі айтамын. Боқаевтікіндей диагнозбен Атырау облысында тіркелген 1300 адам бар. Оның ішінде түрмеде отырған адамдар да кездеседі, бірақ олардың өлімі туралы дерек жоқ»,- деді А. Аленова (бұл тақырыптың толық мәтінін «total.kz» сайтынан оқи аласыздар). Ал бұл жерде кімге сенесіздер, оны өздеріңіз біліңіздер.
Айтпақшы, ел ішін алатайдай бүлдіріп, мемлекеттік төңкеріс жасауды жоспарлаған шымкенттік олигарх Тоқтар Төлешовтің сотына да ел құлағы түрік. «Бас төңкерісшімен» бірге айыпталушылар қатарында 25 адам, соның ішінде бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктер, ірі кәсіпкерлер, қылмыстық ортаның белді өкілдері отыр. Олардың барлығы «сыра короліне» елдегі билікті күшпен басып алуға, Қазақстанда вице-президент лауазымын енгізуге көмектескен. 300 томнан тұратын қылмыстық іс бойынша Т. Төлешовке 18 ауыр және аса ауыр қылмыстар, соның ішінде адам өлтіру, айуандықпен азаптау, адам ұрлау және т.б. қылмыстар жасады деген айыптар тағылуда. Әрине мұның бәрін тізбелеп жату артық. Ол ақпарат жұртқа жақсы мәлім. Менің айтпағым - «сыра королінің» «жер митингілеріне» тікелей қатысуының болуы.
Бұл туралы алғашқы ақпаратты Ұлттық қауіпсіздік комитеті таратты. «Ұлттық қауіпсіздік комитетінде Т. Төлешовтің мамыр айында Атырау, Алматы, Қызылорда, Орал қалаларында өткен жер реформасына қарсылық акцияларын ұйымдастыруға қаржылай қолдау жасағанын дәлелдейтін құжаттар бар. Құзырлы орган оның еліміздің басқа өңірлеріндегі шерулерді ұйымдастыруға қатысының бар-жоғын тергеуде»,-деп мәлімдеді ұлттық қауіпсіздікке жауапты органдағылар. Олардың пайымдауынша, Т. Төлешов Қазақстанның барлық аумағында тұрақсыздық ошақтарын құру арқылы билікке үзілді-кесілді талап қоюды және вице-президент лауазымын енгізуді жоспарлайды. Осы мақсатта 2015 жылдың желтоқсан айында Т. Аянға Атыраудағы «жер митингілерін» ұйымдастыру үшін 100 000 АҚШ долларын жібереді. Атыраулық белсенділер Төлешовтен алған ақшаға Атырау, Ақтөбе, Қызылорда және Алматы қалаларындағы қарсылық акцияларын ұйымдастырған.
Айтарлығы, Т. Төлешовтің ісі қоғамның ерекше назарын аударса да, алғашқы ақпаратқа көпшілік сенімсіздік танытты. Оны әжуа еткендер де табылды. Бірақ 7 қыркүйекте әлеуметтік желілерде жария болған Т. Төлешовтің адал көңілімен жазған өкініш хаты көп күдіктің бұлтын сейілтті. Кейінірек оның сөзінің шындық екенін өзінің қорғаушысы Евгений Яровский толық растады. Ал сот басталған күні барлық айыпталушылардың қорғаушылары соттың барысы жайлы ешқандай ақпарат таратпауға қолхат берді. Мұндай жағдай сотқа деген жұрттың қызығушылығын одан әрі арттыра түсті. «Сыра королі ісінің» немен тынатынын да уақыт көрсетер. Мені ойландыратыны... атыраулық белсенділердің сол Т. Төлешовтің қолындағы қолшоқпары болғандығы ғана.
Бәлкім 2015 жылдан бері билікті басып алуды жоспарлаған олигарх Атыраудың ахуалын терең зерттеген болар. «Жаппай тәртіпсіздіктерді елдің батысынан бастасам, басқа өңірлерге тез таралады» деп ойлаған шығар. Алайда «бас бүлікші» өзінің кінәсін мойындағанымен, Макс пен Талғат судан ақ, сүттен таза болып көрінуде. Осы жерде айта кетерлік жайттың бірі, атыраулық белсенділер заңсыз ереуілге шығуға тыйым салынғанын біле тұра жұртты арандатқаны анық. Бұған дейін өзін «үздік құқық қорғаушы» ретінде көрсеткісі келіп жүрген Макс Боқаев оңтайлы сәтті пайдалануға ұмтылды. Пайдакүнемдік мүддені діттеген Талғат Аянның нені көздегені мәлім. «Алтын көрсе періште жолдан таяды», Т. Төлешов ұсынған 100 000 АҚШ доллары белсенділерді лезде жалған патриоттарға айналдырды. Арам ақшаның буына мастанғандар халықтың патриоттық сезімін әдейі өз бас пайдасына жаратып, 21 мамырда жаппай шеруге шығуға жұртты үгіттеді. Осылайша, олар қоғамдық тәртіптің бұзылуына үлкен нұқсан келтіріп қана қоймай, азаматтардың, ұйымдардың, бір сөзбен айтқанда қоғам мен мемлекеттің құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтірді.
Менің ойымша, кез-келген адам істеген ісін өз мойнымен көтеруі керек. Заң алдында бәріміз бірдейміз. Естеріңізде болса, жер реформаларына орай ел дүрліккен кезде БАҚ арқылы заңсыз ереуіл ұйымдастырушылар мен белсенділер заң алдында қатаң жауапқа тартылатыны туралы ақпарат таратылды. Оны естімеген адам жауапкершіліктен босатылмайды. Бұған қоса, атыраулық белсенділердің шеруді басқа жерде өткізуден, жер реформасы жөніндегі комиссиядан әдейі бас тартуы да ашкөздік пиғылдарын әшкерелеп берді. Ал Т. Төлешовтің оларды қаржыландырғанын мойындауы - оның арандатушылардың артында тұрғанының бір дәлелі. Әрине елдегі әлеуметтік және ұлттық алауыздықты қоздырғаны үшін, олар тиісті қатаң жазасын алуы керек. Бұл болашақта басқаларға сабақ болады.