«Арасы барлар гүлі барларға «құда» түсіп жатыр» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 13 маусым. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 13 маусым, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Бүгінде ел ішіне жол түсіп жүр­генде көзге жылыұшырар бір сүйі­нішті көрініс - ауыл жасарып келеді. Шаруашылық басына соқ­саң, мектепке кірсең, мәдениет оша­ғына бар­саң, медициналық қыз­мет орнына енсең, агроном, мұғалім, кітап­ха­нашы, дәрігер жастар кездесе кетеді. Оқу бітіріп, мамандық алып, туған топырағына оралған­дары, еңбек қа­дамдарын ауылдық жерде бастауды тілек еткендері бар - өз орталары­ның көркі мен сәнін жарастыру бәрін тоғыстырған мақ­сат. Қатар­лары үзілмейді. Биылғы сапты «Бо­лашақ бүгіннен басталады» акциясы аясында Қарағандыда өткен кездесуге қатысушы жоғары оқу орын­дарының бір топ түлегі толық­тырды»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында. Облыс жастарының маман ретінде ауылға бағыт алуы тұрғысындағы мәселені көтерген осы мақала «Ауылға асыға аттанды» тақырыбымен шықты.

«Екібастұздағы жаңа зауыт» атты мақалаға назар салыңыз. Осы басылым жылына қуаты 21 мың тонна тау-кен өндірісіне қажет эмульсиялық матрица өндірілетін жазады. Бұл жаңалық өндірісті өңірде ашылған жаңа зауытта қолға алынды. Австралиялық «Orica CISMAC» концернінің әлемнің 56 елінде зауыттары бар. Екібастұзда іске қосылған 153-ші зауыт болып отыр. Ашылу рәсіміне қатысқан концерннің вице-президенті Реналдо Марастың айтуынша, «Орика» концерні біздің елімізде 10 жылдан бері жұмыс жасауда. Жаңа зауыт енді өндірістік жарылғыш заттар қатарына жататын эмульсиялық матрица шығарады. Эмульсия­лық матрица - сапалы әрі арзан, оның құрамына аса қауіпті тротил ерітіндісі қосылмайды.

 

***

«Алаш айнасы» басылымының жазуынша, дәмі тіл үйіретін тәтті балдың денсаулыққа пайдасының мол екенін білгенімен, қазақстандықтар оны өте аз тұтынады. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қантты көп пайдаланудың кесірінен әлемде әртүрлі аурулар белең алғанын айтып дабыл қағуда. Біздің елде қант диабетімен ауыратындар жыл  санап артып келеді. Тығырықтан шығар жол жалғыз - қанттан бас тарту немесе орнына бал тұтыну. Бұл мәселе жайында басылымның бүгінгі санындағы «Арасы барлар гүлі барларға «құда» түсіп жатыр» атты мақалада тыңғылықты жазылған.

***

«Айқын» басылымының жазуынша, осы ай басталғалы бері Ресейде рубль оңбай құлауда. Солтүстік көршіміздің ұлттық валютасы тіпті мейрам қарсаңында да күрт құлдырауын жалғастырған ( 12 маусым «Ресей күні»). Осылайша, бүгінде РФ-де 1 доллар үшін 34 рубль сұралуда. Бұл валюта еуроға қатысты да қатты арзандады. Солтүстік көршіміздің ұлттық валютасының құлдырай бастағанын көріп, депутаттар өзіміздің ұлттық валютаның тағдырына алаңдаушылық білдірген көрінеді. Атап айтқанда, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бисенғали Тәжияқов теңге бағамы құлдырайды деп қорқу бекер екендігін айтады. Бұл туралы «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Теңге теңселмейді» атты мақаладан егжей-тегейлі білуге болады.

***

Қазақстан 2012 жылдағы жаһандық бәсекеге қабілеттік тұрғысындағы  жыл сайынғы рейтингте  4 пунктіге өзінің ұстанымын жақсартты. Бұл жайында бәсекеге қабілеттіліктің халықаралық рейтингтердің мониторингі аясында Менеджментті дамытудың халықаралық институты жариялап отыр. Бұнда Қазақстанның мемлекеттік қаржы, еңбек нарығы, фискалдық саясат және жұмыспен қамту көрсеткіштері рейтингте басымдықты деңгейді көрсетіп отыр. Осы жайында «Казахстанская правда» газетінің «Эффективность мер подтвердил рейтинг» атты материалынан оқи аласыздар.