Әрбір екінші қазақстандық тұрғын үй жағдайларын жақсартуға мұқтаж

None
АСТАНА. 7 желтоқсан. ҚазАқпарат - Әрбір екінші қазақстандық тұрғын үй жағдайларын жақсартуға мұқтаж. Бүгін «Халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің жай-күйі мен перспективалары» атты тақырыпта өткен парламенттік тыңдауда «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқарма төрайымы Нұрбүбі Наурызбаева осылай мәлім етті.

«Халықтың тұрғын үй жағдайын жақсарту іс-шараларын қаржыландыруға деген сұранысы әлі де жоғары деңгейде. Атап айтсақ, «Әлеуметтік-саяси зерттеулер орталығы» Қоғамдық қоры жүргізген зерттеулер нәтижесі бойынша халықтың 55 пайызы, яғни әрбір екінші қазақстандық бүгінгі таңда өздерінің тұрғын үй жағдайларын жақсартуға мұқтаж», - дейді Басқарма төрайымы.

Оның айтуынша, осындай мұқтаждықты еңсеру мақсатында «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамы 2003 жылдан бастап жұмыс істей бастаған. «Қазақстан - тұрғын үй сатып алуға, салуға және жөндеу жүргізуге қымбат емес тұрғын үй несиелерін алу мақсатында жеке қаражат жинақтауға негізделген аталған жүйенің ұстанымдары мен талаптары іске асырылатын ТМД аумағындағы жалғыз ел», - дейді Н. Наурызбаева.