Осылайша, дүниеге келген Конституция тәуелсіз мемлекет ретінде дамуымызға даңғыл болып, елдің бетке алған бағдарының тұтастай бөлігін қамтып отыр десе де болады. Алайда, заман ағымына қарай Негізгі заңымыздың өзгеріске ұшырауын да ешкім жоққа шығара алмасы анық. Дегенмен, қазіргі һәм өмір бойғы басты міндетіміз - Қазақстан Тәуелсіздігінің тірегіне айналған Конституцияны қатаң ұстану. Яғни, басты талап - Ата Заңымыз, Конституцияны құрметтеп қорғау, ал оның маңыздылығын жоғалтпай сақтау республикамыздың әрбір азаматының міндеті мен парызы болуы тиіс.
Екіншіден, қолданыстағы Конституция республика өмірінде экономикалық қана емес, саяси өзгерістерге де жол ашты. Қос палаталы кәсіби Парламенттің жасақталуы да соның жарқын айғағы. Түйіндей айтсақ, 1995 жылы қабылданған Ата Заң мемлекеттің шұғыл бетбұрысын қамтамасыз етіп, Қазақстанның қазіргі жеткен жетістіктерінің бірден-бір кепілі бола алды. Оны дәлелдеп жатудың өзі де артығырақ.
Сосын бұл Конституция мемлекеттік биліктің біртұтастығын бекіте отырып, оны шашыраңқы күйден, біртұтас, жұмылған жұдырықтай жүйеге айналдырды. Мемлекеттік билік органдарының халық алдындағы жауапкершілігін күшейтті. Халық пен мемлекеттің арасындағы коммуникативтік күшке айналды.
Әлбетте, Конституцияның қоғам өміріндегі, еліміздің тарихындағы орны бөлек. Биыл ел болып жиырма жылдығын атап өтіп отырған біздің Ата Заңымыз өз өміршеңдігін көрсетті. Конституция қағидаттарына сәйкес, еліміздің демократиялық жолмен даму бағыты айқындалды. Құқықтық мемлекет қалыптастыру қағидалары қоғамда және азаматтардың санасында түпкілікті бекітіліп, өз жемісін беруде. Ең бастысы, Қазақ елінде кейбір көршілеріміздегідей, «ертеңіміз қалай болады» деген үрей жоқ, араб елдеріндегідей тығырыққа тірелтетін дағдарыстардан да аулақпыз. Ал ондай дағдарыстар туындауының бір негізі конституциялық қайшылықтардан, даму бағытын айқындаудың олқылығынан туындап жатқаны да белгілі болып жатыр. Керісінше, қазақ даласында орта қол шаруасын айналдырған халықтың ақжарқын жүзі мен ертеңге деген сенімін байқаймыз. Осының бәрі қолданыстағы Ата Заңды арқау ете отырып, оның ережелерінен еш ауытқымай, елге, халыққа қызмет етіп отырған Тұңғыш Президент - Елбасының сабырлы конституциялық саясатының арқасы. Ең бастысы, Қазақстан мемлекеттігінің нығаюына, еліміздің дамуына, халқымыздың өсіп-өркендеуіне негіз қалап берген Конституция Тәуелсіздігімізді тұғырлы етуге де әлеуетті екенін танытып отыр. Ендеше, әрбір қазақстандық Ата Заңымызды сыйлап, құрметтей білсе, сол игі!