Әрбір облыс пен ауданда жаңа нысандар салынады — Мемлекет басшысы

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайында өткен брифингте Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдыру жоспары аясында өңірлерде жаңа нысандар салынатынын айтты.

Фото: Ақорда

Биыл 30 маусымда Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдыру тапсырмасын берген еді.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағытта мемлекеттің үлкен жоспары барын атап өтті.

— Осыған дейін айтқанымдай, Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналуы керек. Әр облыс орталығында немесе аудандар мен қалаларда ірі құрылыстар жүргізіледі. Емханалар, балаларға арналған оңалту орталықтары, басқа да нысандар салынады. Астанада жаңа көпір, Домбыра сарайы, Су ресурстарын зерттеу орталығы секілді маңызды нысандар бой көтереді. Қалаларды абаттандыру керек. «Таза Қазақстан» акциясын ойдағыдай жалғастыру қажет. Сондықтан қол қусырып отыруға болмайды. Бәріміз бір ел болып іске кіріскеніміз жөн. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ, Отан үшін бәріміз күш салуымыз керек, — деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жалпы саяси науқан жақсы өткенін, жұрт алдына жаңа тұлғалар шығып, ұтымды идеялар айтылғанын мәлімдеді.

— Бұл Құрылтай еліміздің дамуына тың серпін береді деп ойлаймын, — деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, бүгін еліміздің барлық өңірінде Құрылтай депутаттарын сайлау басталды. Дауыс беру 10 423 сайлау учаскесінде өтеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздік сарайында орналасқан № 520 сайлау учаскесінде дауыс берді.

Бұған дейін Президент «Вице-президент кім болады?» деген сұраққа жауап берген еді.