Әрбір сыни пікір Конституцияны жетілдіруге мүмкіндік береді – Айдос Сарым

Фото: t.me/konstituciyalikreforma

АСТАНА. KAZINFORM – Айдос Сарым Конституция жобасын әзірлеу барысында халықтың белсенді қатысуы мен қоғамдық пікірді ескеру маңызды екенін атап өтті.

Депутаттың айтуынша, Конституциялық реформаның жұмысына Конституциялық сот, Жоғары сот, Парламент аппараты, Үкімет аппараты, Президент әкімшілігі, мәслихаттар және қоғамдық кеңестердің жүздеген қызметкерлері қатысқан. Азаматтар e-Otinish және eGov порталдары арқылы да ұсыныстарын жолдаған.

— Бұл жұмысқа мыңнан астам адам қосылды. Халықтың ұсыныстары мен сын-пікірлері реформаның ашық әрі әділ жүргізілуін қамтамасыз етеді, — деді Айдос Сарым.

Ол скептицизм мен сын-пікірлерді қабылдаудың маңыздылығын атап, олар Конституция жобасын жетілдіруге септігін тигізетінін айтты.

— Біз сын мен скептицизмді қабылдауға дайын болуымыз керек. Әрбір критикалық пікір бізге Конституцияны жетілдіруге мүмкіндік береді. Бұл референдум – тек заңдық процесс емес, бұл елдің саяси және әлеуметтік мәдениетін қалыптастыруға арналған тарихи сынақ. Біз жаңа дәуірді бірге бастаймыз, және бұл жолда әрбір азаматтың құндылықтары мен мүддесі ескеріледі, — деді депутат.

Айта кетейік, бұған дейін Конституция реформасы бойынша «Е-Өтінішке» түскен ұсыныстар саны 4 мыңнан асқанын жазған едік.