Әрбір үшінші адам жылдамдықты шектен тыс асыру салдарынан мерт болады - полиция
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда жол-көлік оқиғаларының саны артқан. Бұл туралы «Jibek joly» телеарнасындағы «Бүгін LIVE» бағдарламасында Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова мәлім етті.
Оның айтуынша, жол апаттарының статистикадағы өсімі жаңа тәртіпке байланысты. Бұған дейін жол-көлік оқиғасы тек медициналық сараптамадан кейін тіркелген болса, қазіргі таңда барлық апаттар, оның ішінде ұсақ көлік қақтығыстары да есепке алынады.
– Мегаполистерде тіркелген апаттар саны көп болғанымен, адам шығыны көбіне Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында орын алады. Әсіресе қала сыртындағы жолдарда қазаға әкелген жағдайлар жиі кездеседі. Барлық қайғылы оқиғалардың шамамен 60 пайызы республикалық тас жолдарында тіркелген. Оның басты себебі – көлік ағыны мен жолаушылар санының көптігі, – деді ол.
Сонымен қатар полиция өкілі жол ережесін сақтамау негізгі фактор екенін атап өтті. Әсіресе жылдамдықты асыру, қарсы бағытқа шығып кету, бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өту және жаяу жүргіншілерге жол бермеу жағдайлары апатқа әкеледі.
– Әрбір үшінші адам жылдамдықты шектен тыс асыру салдарынан қаза табуда. Бұған қоса бүгінде жүргізушілердің ұялы телефонға алаңдауы да қауіпсіздікке қатер төндіріп отыр, – деді Ақтоты Боранова.
Еске сала кетейік, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында елімізде 15 698 жол-көлік оқиғасы (ЖКО) тіркелді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 54 пайызға артық.