«Ардагер» ҚБ төрайымы: ҮЕҰ-лар Президент бастамаларын қолдайды және оны жүзеге асыруға көмектеседі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкіметтік емес ұйымдар ҚР Президенті бастамаларын қолдайды және оны жүзеге асыруға көмектеседі. Бүгін Астана қаласының баспасөз орталығында өткен брифингте «Ардагерлер» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Баян Ахметжанова осылай деді.

«Бүгінгі таңда еліміздің Президенті көтерген барлық бастамалар қуатты әрі жаңа. Біздің еліміз қабылдап жатқан заңдар да адамдарға бағытталған. Дегенмен, тек Президенттің бастамалары мен заңдар ғана емес оларды адамдардың басшылыққа ала отырып, шын ниетімен тыңғылықты орындауы да барынша маңызды. Біз парламентшілердің бюджет қаржысын үнемдеу үшін Мәжіліс пен мәслихат сайлауын бірге өткізу бастамаларын толықтай қолдаймыз. Сонымен қатар мен әріптестеріміздің бұл сайлауларда үкіметтік емес ұйымдардың да белсенділік танытуы тиіс деген сөздеріне толықтай қосыламын. Шет елдердің парламенттерінде депутаттардың басым бөлігі үшінші сектор кандидаттарынан жасақталады. Өйткені, олар адамдармен тікелей жұмыс істейді. Біз бұл бастамалардың барлығына да қолдау көрсетеміз және оларды жүзеге асыруға жәрдемдесетін боламыз», - деді Б.Ахметжанова.