«Ардагерлер туралы» Заңда соғысқа қатысқан барлық санаттағы тұлғаларға ортақ мәртебені белгілеу қажет - «Нұр Отан» ХДП

АСТАНА. 22 ақпан. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Соғысқа және саяси қақтығыс майдандарында қатысқан барлық санаттағы тұлғаларға ортақ мәртебені белгілеу қажет.

Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясы жанынан құрылған Ардагерлер және әскери-патриоттық ұйымдар кеңесінде мәлім етілді. Осы кеңестің төрағасы, генерал-майор Қайрат Сатыбалдыұлының атап өткеніндей, соғысқа аттанар алдында әрбір жауынгер майданнан қайтып оралғанда «соғысқа қатысушы» мәртебесін алатынына, соған тиісті әлеуметтік игіліктерге ие болатынына сенімді болуы шарт.

«Ардагерлер туралы» Заң жобасына толықтырулар мен өзгертулер енгізу қажет. Өйткені ол қолына қару алып, өзінің конституциялық, интернационалистік борышын өтегендердің құқықтарын толық аша алмай отыр. Көптеген ардагерлер ол заңда соғысқа және соғыс қақтығыстарына қатысқан барлық санаттағы тұлғаларға ортақ бірыңғай мәртебені белгілеу жөнінде ұсыныс айтуда. Себебі бұл қадам ардагерлер мен Отан қорғаушылардың қоғам арасындағы беделін арттыруға сеп болады»,-дейді Қ. Сатыбалдыұлы.

«Ардагерлерді қаржылық мәселелер алаңдатпайды, тек олардың қоғамдағы мәртебесі тиісті түрде белгінсе деп тілейді, ардагерлердің балалары олардың әкелері қай мемлекет үшін соғысқандарын білсе екен деп тілейді»,-деді Кеңес төрағасы.

Оның айтуынша, Жастардың патриоттық тәрбиесі, олардың Отан үшін құрбандыққа баруы ардагерлерге және үлкен кісілерге деген қоғамның қатынасына бағынышты.

Сондықтан ҚР Қорғаныс министрлігі егер белсенділік танытып отырса, осы ұсыныстың идеологиялық қолдаушысы «Нұр Отан» партиясы Парламенттегі фракциясының көмегімен «Ардагерлер туралы» Заң жобасына тиісті оң өзгертулерді енгізуге мүдделі болып отыр.

Біздің елімізде 14 мыңға жуық Ұлы Отан соғысының ардагері бар. Жыл сайын олардың саны азайып келеді. Ауған соғысына қазақ жерінен 22,5 мың жауынгер аттанды. Қазіргі кезде ауған ардагерлері 18-19 мыңдай ғана.