"14 ақпанда Қазақстан халқы Ассамблеясы 2015 жылы кезектен тыс Президенттік сайлау өткізу жөнінде ұсыныс жасады.
"Ардагерлер ұйымы" Республикалық қоғамдық бірлестігінің Орталық кеңесі бұл ұсынысты толықтай қолдайтынын мәлімдейді", - деп жариялады ұйым төрағасы Өмірзақ Озғанбаев. Оның айтуынша, қазіргі таңда қаржылық-экономикалық дағдарыстың жаңа толқыны белең алуда. Бұған күрделі халықаралық жағдай да қосылып тұр. Қазақстан әлемдік қауымдастықтың бір бөлшегі ретінде дүниежүзілік дағдарыстың әсерін сезініп отыр. "Әйтсе де, дағдарысқа қарсы төтеп берерлік нақты жоспарымыз да баршылық. Ол - Елбасымыздың бастамасымен өмірге келген "Нұрлы жол" бағдарламасы. Ұзақ мерзімдік "Қазақстан-2050" стратегиясы мен Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы да бар. Біз осындай сәтте уақыт оздырмай кезекті сайлау өткізу керек деп есептейміз", - делінген мәлімдемеде. "Бұл қадамымыз барша халық болып, Үкімет пен Парламент, барлық орталық және жергілікті басқару органдары бірлесе жұмыс істеуінің арқасында әлемдік дағдарысты еңсеруге мүмкіндік береді деген ойдамыз", - деп атап өтті Ө. Озғанбаев. Мәлімдемеде, сондай-ақ, "Ардагерлер ұйымы" Республикалық қоғамдық бірлестігінің Орталық кеңесі еліміздің барлық азаматтарын, қоғамдық ұйымдарды осы ұсынысты қолдауға шақырады. "Бұл жолы да бәріміз жұмылып жұдырық болып, қуатты әрі гүлденген Отанымыз - Қазақстан Республикасын құру жолындағы кездескен қиындықтарды жеңіп шығатынымызға сенімдіміз", - делінген мәлімдемеде.