Ардагерлерді қолдау мақсатында жергілікті атқару органдары іс-шаралар жоспарын жасады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып ҰОС ардагерлеріне белсенді әлеуметтік көмек шараларын көрсетіп келеді.

«Мәселен, 1 сәуірдегі жағдай бойынша ағымдағы жылдың басынан бері жергілікті бюджеттер қаражатынан 14,9 мың ардагерге (ҰОС қатысушыларына, мүгедектеріне, оларға теңестірілген тұлғаларға, тыл еңбеккерлеріне) 320,8 млн. теңге көлемінде бір реттік материалдық көмек көрсетілді; 19 ҰОС ардагері (3 қатысушы,біреуі ҰОС мүгедегі және ҰОС қатысушыларына теңестірілген 15 тұлға) баспана алды; 15 ардагердің тұрғын үйлеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді; 636 ардагер 43 млн. теңгеге шипажай-дауажайда емделуге жолдама алды»,-деп атап өтілген ведомство мәліметінде.

ҰОС 71 жылдық мерекесі қарсаңында ардагерлерді қолдау шаралары мен оларды құттықтау мақсатында жергілікті атқару органдары іс-шаралар жоспарын жасады. Әкімдіктердің мәліметі бойынша, ардагерлерге бір реттік материалдық көмек көрсету мақсатында жергілікті бюджеттен 2,6 млрд.теңге қарастырылған.

Сонымен бірге, ҰОС мүгедектері шипажай-дауажайда емделуге, протездеу медициналық құралдарымен, протездік-ортопедиялық жабдықтармен қамтамасыз етуге, сурдожабдықтар мен өзге де компенсаторлық жәрдемші құралдармен, тісті протездеумен, міндетті гигиеналық заттармен, кресло-арбамен, дәрілік заттармен бірінші кезекте қамтамасыз етілетін болады.

2016 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша, Қазақстанда 3668 - Ұлы Отан соғысына қатысқандар мен мүгедектер, 176342 - ҰОС жылдарында тылда жұмыс істегендер; 220 - қоршауда болған Ленинград тұрғындары; 548 - кәмелетке толмаған кездерінде концлагерьлерде, гетто және басқа да мәжбүрлі орындарда болғандар; 110 - ҰОС кезіндегі әскери қызметкерлер, партизандар, астыртын жұмыс істегендер, қайтыс болғандардың (із-түссіз жоғалып кеткендер) қайта үйленбеген жұбайлары; 9386 - қайтыс болған соғыс мүгедектерінің әйелдері бар.