Ардагерлерге көмек көрсету шаралары жалғаса береді - Ө. Озғанбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ардагерлерге көмек көлемі кеңейе түседі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингке Республикалық «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев мәлім етті.

«Ардагерлердің өмірін зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Қарт майдангерлердің 25 пайызы ешқандай қажеттілікке мұқтаж еместігін айтты. Ал сұрау салынған ардагерлердің 66 пайызы тұрмыстық жағдайларға, әсіресе әлеуметтік тұрғыдағы мәселелерге, яғни денсаулық, дәрігерлік күтім мен дәрі-дәрмекке назар аудартты. Мұның өзі заңды, өйткені бұл қарттар соғыс жылдарында денсаулығынан және дене мүшелерінен айырылғанын білесіздер»,-деді Ө. Озғанбаев.

Осы орайда ол «Ардагерлер ұйымы» майдангерлерге дәрі-дәрмекті бөлетін мемлекеттік дәріханалардың болуы туралы ұсынысты енгізіп отырғандығын жеткізді.

Оның сөзіне қарағанда, Ұлы Отан соғысына қатысқан бүгінде 5 мыңға жетпейтін ардагер қалды. Олардың саны күн сайын азайып келе жатыр. Жартысына жуығы денсаулығына байланысты төсекке таңылған.

«Ардагерлерге көмек көрсету шаралары ары қарай да жалғаса береді. Осы орайда барлық қолдау шаралары 9 мамырмен аяқталмайды. Биыл және алдағы жылдары да қатары сиреп қалған ардагерлерге көмек көлемі кеңейе түседі деп ойлаймыз»,-деді Ө. Озғанбаев.