Ардақ Зебешев ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары лауазымына тағайындалды

АСТАНА. KAZINFORM - Мемлекет басшысының өкімімен Ардақ Темірханұлы Зебешев Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары лауазымына тағайындалды.

Фото: ҚР СІМ баспасөз қызметі

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

1981 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген.
2003 жылы М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша, 2006 жылы Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін «Экономика» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2014 жылы «Болашақ» бағдарламасы бойынша King’s College London университетін «Мемлекеттік басқару» мамандығы бойынша бітірген, ал 2019 жылы Warwick Business School (Ұлыбритания) оқу орнында MBA дәрежесін алған.

Мансап

2003–2016 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің аппаратында, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінде, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінде қызмет атқарған.

2016–2019 жылдары «Самұрық-Қазына» АҚ құрылымдарында басшылық лауазымдарда жұмыс істеген, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасарының кеңесшісі болған.

2019–2024 жылдары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетінде қызмет атқарып, басқарма басшысынан комитет төрағасына дейінгі еңбек жолынан өткен.

2024 жылғы ақпанда Қызылорда облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалып, 2026 жылғы маусымда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетінің төрағасы болып тағайындалды.

«Құрмет» орденімен наградталған.

Ағылшын тілін меңгерген.

Айта кетейік, осыған дейін Ерлан Қошанов Халық Кеңесінің төрағасы болып сайланды.