Аргентина – 16 дүркін Copa America жеңімпазы

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ жерінде өткен Copa America турнирінің финалында Аргентина құрамасы Колумбияны 1:0 есебімен жеңіп, өз құрлығында кімнің мықты екенін тағы бір мәрте дәлелдей түсті. Бұған дейін 2021 жылы өткен турнирде аргентиналықтар ақтық сында Бразилиядан басым түскен болатын.

Фото: GETTY IMAGES

Кездесудің негізгі бөлігінде бірде-бір доп соғылмай, ойын овертаймға ұласты. Жанкүйерлер «жеңімпаз пенальти сериясында анықталатын шығар» деп отырғанда 112 минутта Лаутаро Мартинес жеңіс добын соғып, аргентиналықтарға жеңіс сыйлады.

Осылайша, Аргентина рекорд жаңартып, бұл турнирді көп ұтқан құрама ретінде тарихқа өзгеріс енгізді. Бұл дүбірлі додада әр жылдары Уругвай 15 рет, Бразилия 9 рет, Парагвай, Чили және Перу құрамалары екі реттен топ жарғанын атап өткен жөн.

Айта кетейік Copa America турнирі АҚШ-тың 10 штатындағы 14 стадионда 21 маусым мен 15 шілде аралығында өтті. Турнирде 16 ұлттық құрама бақ сынады. 

Естеріңізге салсақ, Еуропа құрлығында Испания құрамасы топ жарған еді.