— Аргентина Республикасы 2027-2031 жылдар аралығындағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы лауазымына МАГАТЭ-нің қазіргі бас директоры Рафаэль Гроссидің кандидатурасын ұсыну құрметіне ие, — делінген хабарламада.
Аргентина билігінің пікірінше, Гросси қақтығыстар мен күрделі халықаралық дағдарыстар жағдайында дипломатиялық диалогты ілгерілетуге қабілетті. Сондықтан оны БҰҰ Бас хатшысы қызметіне лайықты үміткер ретінде ұсынды.
Бұған дейін дүниежүзілік ұйымның Бас хатшысын сайлау келесі жылдың шілде айының соңына жоспарланғанын жарияладық. Бұл лауазымға үміткер болуға екі адам қызығушылық танытқан. Біріншісі, осы Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің басшысы Рафаэль Гросси болса, екіншісі БҰҰ Сауда және даму конференциясының Бас хатшысы Ребекка Гринспан.