Аргентина инвестиция салғандарға азаматтық беретін бағдарламаны іске қосады

АСТАНА. KAZINFORM — Аргентина инвестиция салған шетелдіктерге азаматтық беретін бағдарламаны іске қосады. Осылайша, Оңтүстік Америкада мұндай тетік ұсынған алғашқы ел болмақ. Өтінімдерді 2026 жылдың IV тоқсанында қабылдау жоспарланып отыр, деп хабарлайды елдің Экономика министрлігі.

Фото: Canva

Бағдарламаны іске қосу туралы Аргентина экономика министрі Луис Капуто Парижде өткен «Аргентина апталығы» шарасында президент әкімшілігінің басшысы Диего Сантиллимен бірге мәлімдеді. Үкімет бұл бағдарлама арқылы шетелдік капитал тартуды және елдің халықаралық экономикалық байланыстарын кеңейтуді көздейді.

Аргентина экономика министрлігінің мәліметінше, азаматтық алудың екі жолы қарастырылған. Бірінші нұсқа бойынша Ұлттық қазынаға қайтарымсыз түрде 350 мың доллар аудару қажет. Екінші нұсқада 800 мың долларға арнайы шығарылған мемлекеттік облигацияларды сатып алу талап етіледі.

Бағдарлама негізгі өтініш берушінің отбасы мүшелерін де қамтиды. Жұбайы мен 18-25 жас аралығындағы балалары некеде тұрмаса және балалары болмаса, бағдарламаға қатыса алады. Олардың әрқайсысы үшін 100 мың доллардан төлем қарастырылған. Кәмелетке толмаған балалар үшін бұл сома 25 мың доллар көлемінде болмақ.

Осылайша, төрт адамнан — өтініш беруші, жұбайы және екі кәмелетке толмаған баладан — тұратын отбасы жалпы 500 мың доллар төлеп, азаматтық алуға өтініш бере алады.

Барлық қаржылық операция ресми банк жүйесі арқылы жүргізілуі тиіс. Үкімет қаражаттың шығу тегін тексеріп, ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы халықаралық талаптарды сақтауды, сондай-ақ қаржылық ашықтықты қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.

Кандидаттар бірнеше бағыт бойынша тексеруден өтеді. Олардың қатарында жеке басын анықтау, қаражаттың шығу тегі мен заңдылығы, қаржылық жағдайы, юрисдикциялық тәуекелдер, соттылығы, беделі және көші-қон тарихы бар.

Өтінімдерді инвестиция арқылы азаматтық алу бағдарламалары жөніндегі арнайы агенттік қарайды. Бұл жұмысқа барлау қызметі, Қаржылық ақпарат бөлімшесі, сондай-ақ Қауіпсіздік және Ішкі істер министрліктері сияқты мемлекеттік органдар тартылады.

Тексеру аяқталғаннан кейін агенттік қорытындысын Ұлттық көші-қон басқармасына жолдайды. Өтінімді мақұлдау немесе қабылдамау туралы соңғы шешімді осы орган қабылдайды.

Бағдарламаны әзірлеу кезінде Аргентина билігі қаржылық бақылау мен тәуекелдерді басқарудың халықаралық стандарттарын, соның ішінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) мен Қаржылық әрекет жөніндегі жұмыс тобының (FATF) ұсынымдарын қолдануды жоспарлаған. Сонымен қатар үкімет инвестициялық көші-қон саласындағы халықаралық сарапшылармен кеңесіп жатыр.

Еске сала кетейік, Аргентинада кедейлік шегінде өмір сүретіндер саны артты.