Аргентина парламенті президентке қатысты жанжалды тергеу үшін комиссия құрады
АСТАНА. KAZINFORM — Аргентина Парламентінің депутаттар палатасы ел президенті Хавьер Милейдің X әлеуметтік желісінде жариялаған $LIBRA криптовалютасына қатысты жанжалды тергеу үшін комиссия құруды мақұлдады.
ТАСС таратқан ақпаратқа сәйкес, депутаттар үкімет басшысы Гильермо Франкосты, экономика министрі Луис Капутоны, әділет министрі Мариано Кунео Либаронаны және бағалы қағаздар жөніндегі комиссия басшысы Роберто Сильваны Конгресске шақыру ұсынысын қабылдады. Олар заң шығарушылардың сұрақтарына жауап береді.
— Дауысқа салу қорытындысы бойынша 128 депутат «қолдады», 93 «қарсы шықты» және 7-еуі «қалыс қалды». Осылайша Депутаттар палатасы $LIBRA ісі бойынша тергеу комиссиясын құруды мақұлдады, — деп хабарланды палатаның X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
14 ақпан күні Милей өзінің X әлеуметтік желісіндегі парақшасында $LIBRA криптовалютасын пайдалану арқылы Аргентинадағы шағын бизнеске инвестиция тартуға ықпал етуге бағытталған жоба туралы ақпарат жариялады. Президенттің жарияланымынан кейін криптовалютаның құны $5-ға дейін өсті, алайда кейіннен $1-ға дейін құлдырады. Криптовалюта ұстаушылар бағаның шарықтауынан миллиондаған доллар табысқа кенелді.
Жарияланымнан кейін оппозиция президентті әртүрлі қылмыс жасады деп айыптады: ақша жылыстатты және мемлекеттік қызметкердің лауазымына сәйкес келмейтін қызметпен айналысып, немқұрайлылық танытты. Енді Аргентина прокуратурасы бұл іс бойынша тергеуді бастады.
Ақпан айында Аргентина президенті криптовалюта төңірегіндегі жанжалға байланысты импичментке ұшырағанын жазған едік.
Бұған дейін хабарланғандай, Буэнос-Айрестің орталығындағы наразылық акциясы кезінде полиция 150 адамды ұстады.