Аргентина президенті Хавьер Милей екінші мерзімге сайлауға түспек

АСТАНА. KAZINFORM — Аргентина президенті Хавьер Милей 2027 жылы өтетін президент сайлауында екінші мерзімге үміткер болатынын мәлімдеді. Бұл туралы DW басылымы жазды.

Фото: David Canales/SOPA Images via ZUMA Press Wire/dpa

Бұл туралы ол 14 қарашада Буэнос-Айресте көрменің ашылу салтанатында мәлімдеген. DW бұл ақпаратты dpa агенттігіне сілтеме жасап таратты.

— Қайта сайлауға түсетініме күмән келтіретіндердің бәріне айтарым: иә, мен сайлауға түсемін, — деді Милей.

Президенттің сөзінше, оның басшылығымен Аргентина дұрыс бағытта дамып келеді. Сонымен қатар ол елді қайтадан ұлы мемлекетке айналдыру үшін әлі де көп жұмыс атқару керегін айтты. Осылайша, АҚШ президенті Дональд Трамптың сайлауалды ұранын да қайталады.

Хавьер Милей 2023 жылғы желтоқсанда Аргентина президенті қызметіне кірісті. Содан бері ол мемлекеттік қарызды қысқартуға, инфляцияны тежеуге және нарықтағы шектеулерді азайтуға бағытталған ауқымды экономикалық реформаларды жүзеге асырып келеді.

DPA мәліметінше, реформалардың нәтижесінде инфляция төмендеп, мемлекеттік бюджет тұрақтанған және кедейлік деңгейі азайған. Алайда бұл өзгерістер көптеген адамның жұмыссыз қалуына, әлеуметтік шығындардың қысқаруына және халықтың бір бөлігінің сатып алу мүмкіндігінің төмендеуіне әкелген.

Милей партиясы 2025 жылғы парламент сайлауында жеңіске жеткеніне қарамастан, президенттің қоғам арасындағы қолдауы азайып келеді.

Bloomberg тапсырысы бойынша жүргізілген тәуелсіз әлеуметтік сауалнамаға сәйкес, Аргентина тұрғындарының шамамен 62%-ы президенттің қызметіне теріс баға берген. Ал 36%-ы оның жұмысына оң көзқарас білдірген.

Ел тұрғындары басты мәселе ретінде жұмыссыздықтың өсуін атайды. Ал инфляция мәселесі екінші орынға ығысқан.

2023 жылдан бері Аргентинада Милей әкімшілігінің қатаң үнемдеу саясатына қарсы кәсіподақтар, студенттер мен зейнеткерлер бірнеше рет жаппай наразылық акцияларын өткізді.

Еске салайық, бұған дейін Аргентинада кедейлік шегінде өмір сүретіндер саны артқанын хабарлағанбыз.