Аргентина президенті ауруханаға түсті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Аргентина Президенті Кристина Фернандес де Киршнер инфекция салдарынан температурасы күрт көтеріліп, ауруханаға түсті.

Отаменди госпиталінде жатқан ол тексеруден өтіп, ем қабылдайды, деп хабарлайды vesti.ru.

Бірнеше жыл бұрын Киршнерге ісікті алып тастау бойынша ота жасалды, деп еске салады РИА Новости. Оның қалқанша безінің оң жағынан карцинома анықталған, бірақ гистологиялық зерттеулер ісіктің қатерсіз екенін көрсетті. 2013 жылдың қазанында миына операция жасалды: дәрігерлер мидағы қанды ісікті алып тастаған соң Киршнерге құлан-таза айығуға бір айға жуық уақыт қажет болды.

2013 жылдың аяғы мен 2014 жылдың басында аргентиналықтарды президенттің денсаулығы қайта алаңдатты. Киршнер төрт апта бойы бірнеше шараға қатысқан жоқ. Алайда 2014 жылғы қаңтар айының соңында ол денсаулығының нашарлағаны туралы болжамдарды жоққа шығарды.