Бұрынғы президенттің қасына жақындаған белгісіз ер адам оның басына тапанша апарып, атуға оқталғанда, қаруы атылмай қалды. Оқиға Киршнер ел астанасындағы үйінің алдында өз жақтастарын қарсы алған кезде болған.
Әлеуметтік желіде қастандық сәті бейнеленген видео жарияланды.
Онда Киршнер өз жақтастарымен амандасып жатқанда қасына жақындаған ер адамның тапанша көтеріп, оның бетінен атуға әрекеттенгені көрініп тұр.
Аргентина президенті Альберто Фернандестің айтуынша, тапанша оқтаулы еді, ал Киршнер тек кездейсоқ жағдай арқасында ғана аман қалды
«Кристина аман. Ішінде бес патроны болған тапанша беймәлім техникалық себептерге байланысты атпай қалған», - деді ол.
Оның айтуынша, бұл қастандық әрекет 1983 жылы әскери диктатурадан демократияға өткеннен бергі ел тарихындағы ең ауыр оқиғалардың бірі болды.
Еске салайық, 69 жастағы Киршнер 2007-2015 жылдар аралығында Аргентинаның президенті болған.
Тамыз айында Аргентинаның бас прокуроры оны екі президенттік мерзімі кезінде сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген айыппен 12 жылға бас бостандығынан айыруды және өмір бойы мемлекеттік қызметтен шеттетуді сұрады.
Атап айтқанда, Киршнер мемлекетке бір млрд долларға жуық шығын келтірген пара алу және ақша қайтару жүйесін ұйымдастырды деген күдікке ілінді. Киршнер өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, оларды саяси кек деп санайды.
Қазіргі кезде оның соты жалғасып жатыр. Соңғы күндері вице-президенттің үйіне жүздеген адам келіп, оны қолдайтынын білдірді.
Киршнер ісі бойынша шешім шығаруға бірнеше ай қажет.
Фото: bbc.com