Соңғы күндері Буэнос-Айрес (Аргентина) жағажайларында жиырмадан астам өлі дельфин табылды. Бұған бей-жай қарай алмаған Mundo Marino қорының ғылыми қызметкерлері дельфиндердің қырылу себептерін анықтап жатыр.
"17 өлі дельфиннің денесін зерттеп жатырмыз. Буэнос-Айрестен табылған қалған су жәндіктерінің денесі зерттеу үшін жарамсыз болып қалды. Дельфиндердің қырылуына не себеп болғанын анықтауға тырысамыз", - деп жазды қор өкілдері Facebook желісіндегі ресми парақшасында.
Дельфиндердің басым бөлігінде балықшының ауынан қалған іздер бар екені аталып өтілді. Экологтар жергілікті тұрғындарды өлі дельфиндерді тапқан жағдайда дереу хабарлап, суреттерін жіберуді сұрады.
Аргентина, Бразилия және Уругвай жағалауларында мекендейтін францискандық дельфиндер популяциясының саны қырық мыңға жуық. Алайда жыл сайын жүздеген дельфин түрлі себептермен қырылып жатыр.