Аргентинада өткен тәулікте доңыз тұмауын жұқтырудың 99 жаңа оқиғасы тіркелді

БУЭНОС-АЙРЕС. Маусымның 15-і. ҚазАқпарат - Аргентинада өткен тәулікте адамдардың доңыз тұмауын - А(H1N1) вирусын жұқтырудың 99 жаңа оқиғасы тіркелді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат РБК агенттігіне сілтеме жасап. Елдің денсаулық сақтау министрінің орынбасары Хуан Карлос Надаличтің айтуынша, қазіргі уақытта зертханаларда адамның жаңа вирусты жұқтыру ықтималдығының тағы 1 мыңдай оқиғасы тексеріліп жатыр. Күрделі эпидемиологиялық ахуалға байланысты Аргентинаның төрт провинциясында 46 мектеп жабылды. Естеріңізге сала кетейік, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы маусымның 11-інде соңғы 40 жылда алғаш рет тұмау пандемиясын жария етті. Ұйымға мүше елдерге таратылған мәлімдемеде хабарлағандай, тұмаудың эпидемиологиялық деңгейі 5-ші сатыдан 6-шы сатыға көтерілді. Бұл дегеніміз, әлемдік пандемия басталды деген сөз. Бұл шешім БҰҰ-ның Денсаулық сақтау ұйымының шұғыл мәжілісінен кейін қабылданды.