Оның айтуынша, биылғы әлем чемпионатының басты ерекшеліктерінің бірі — Өзбекстан құрамасының әлемдік додаға қатысуы.
— Бұл Орта Азия халықтары үшін ерекше оқиға болды. Өзім де Ташкентке барып, он күндей сонда болып келдім. Өзбек жанкүйерлерінің әлем чемпионатына шыққан құраманы қалай қолдап жатқанын көрдік. Қаладағы стадиондар лық толып, матчтар үлкен экрандардан көрсетілді. Халық бұл жетістікті әлем чемпионатын жеңіп алғандай атап өтіп жатыр, — деді сарапшы.
Бек Шымат өзбек жанкүйерлерінің құрамасына қатысты көзқарасына да назар аударды.
— Қазақстан әлем чемпионатына шықса, жанкүйерлер жеңіліс туралы ойлағысы да келмес еді. Ал өзбек жанкүйерлері жағдайға реалистік тұрғыдан қарайды екен. Олар үшін әлем чемпионатына қатысудың өзі үлкен жетістік, — деді ол.
Сарапшы әлем чемпионаттарының тарихына тоқталып, ең көп әлемдік додаға қатысқан құрамалардың бірі Мексика екенін айтты.
— Мексика — чемпионат тарихында ең көп ойын көрсеткен құрама. Бірақ осы уақытқа дейін ширек финалдан әрі аса алған жоқ, — деді Бек Шымат.
Сонымен қатар ол Марокко құрамасының қазіргі деңгейіне жоғары баға берді.
— Марокко Бразилиямен де терезесі тең ойнай алатын команда екенін көрсетті. 2022 жылғы әлем чемпионатында жартылай финалға шыққаннан кейін де өз деңгейін сақтап қалды. Сондықтан оларды көзге көп түсе бермейтін, бірақ қауіпті ұжымдардың қатарына қосуға болады, — деді сарапшы.
Бек Шыматтың пікірінше, қазіргі турнирдің басты фавориттері — Португалия, Франция, Испания және Англия құрамалары.
— Ал Аргентинаны фавориттер қатарына қоса алмаймын. Олар әзірге өз деңгейіндегі қарсыластармен кездескен жоқ. Егер бәрі жоспардағыдай өрбісе, ширек финалда Португалиямен ойнауы мүмкін. Аргентина мен Португалия кездессе, бұл әлем чемпионаты тарихындағы ең көп көрермен жинаған матчтардың бірі болар еді, — деді ол.
Сарапшы Оңтүстік Африка мен Оңтүстік Корея арасындағы матчты турнирдегі басты сенсациялардың бірі деп атады.
— Мен Азия құрамалары арасындағы басты фавориттердің бірі ретінде Оңтүстік Кореяны көрген едім. Сондықтан олардың нәтижесі біраз жанкүйер үшін күтпеген жағдай болды, — деді Бек Шымат.
Сөз соңында сарапшы финалда Португалияның Франция немесе Испанияға қарсы ойынын көргісі келетінін айтты.
Айта кетейік, күні кеше Швейцария Канаданы жеңіп, әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне шықты.