Археолог Байтанаев Шыңғысхан қабірі туралы: Біз түстегі аянмен жұмыс істемейміз
Алматы қаласының тұрғындары Сман Өтеген мен Гүлжанар Алтынбектің Арыс қаласының солтүстігінде Шыңғыс ханның қабірін ашамыз деп үңгір қазып жүргені жөнінде тарихшы-археолог хабардар екен. Бұл мәселе жөнінде білмек болып хабарласқанымызда мынадай жауап алдық:
«Оларға түсінде аян берген, олар барып қазған. Біз аянмен жұмыс істемейміз. Біз - мемлекеттік ғылыми-зерттеу институтымыз. Сол себепті біздің қызметкерлер барып, сол жерді көріп, сараптама жүргізіп, жазда ресми түрде тарихи-мұралық қорытынды жасағанбыз. Сол кісілердің қазған жеріне. Біз ол қорытындыны мәдениет басқармасының мәдени мұраны сақтау және қолдану бөліміне жолдағанбыз. Сол кісілерден сұраңыздар. Ол жерді қазуын тоқтатпаса біреулер құлап өледі ол жерде», - деді Б.Байтанаев.
Алайда, археолог үңгір қазып жатқандардың әрекетіне қатысты қандай да бір пікір білдіргісі келмеді. Әрі «түсіндегі аянмен үңгір қазатындарға пікір білдіретін психиатр емеспін. Түсіне кірген нәрсені біз тексере бермейміз ғой, мемлекеттік қызметкерміз», - деп қысқа қайырды.
Еске салайық, «Замана» газеті Арыс қаласында өткен жылдан бері ерлі-зайыптылар қазба жұмыстарын жүргізіп жатқанын жазған болатын. Мақалада автор келіншектің түсіне бабасы кіріп, Шыңғыс ханмен таныстырғанын айтқан. Ал атақты қолбасшы көріпкелге «Абыз ана» деген ат беріп, сол маңда жерленгенін ескертіпті. Содан түстегі аянға сенген күйеуі мен әйелі өткен жылдың сәуір айынан қара күзге дейін үңгір қазып, ханның қабіріне небәрі 30 сантиметрдей ғана жер қалғанда тоқтатып қойыпты. Бүгінде 12 метр тереңдікте қазылған туннельдің ұзындығы шамамен 30 метрге жуықтаған. Ішке түскенде бұлақ көрінеді. Бұлақтан солға қарай еңкейіп жүруге тура келеді. Бұл жерге түскен адам қап-қараңғы тас түнекте ханның қабірі жатыр деген жерге барып тіреледі. Осы жерден қазба жұмысын тоқтатқан ерлі-зайыптылар «ары қарай қазуға рұқсат жоқ. Себебі, Шыңғыс ханның өзі Елбасыдан рұқсат күтіп отыр» деп түсіндірген болатын. Егер ол кісі қабірді ашуға рұқсат берсе, онда елімізде біз күтпеген оң өзгерістер орын алатынын тілге тиек еткен. Яғни, ел ішінде парақорлық, жемқорлық және зинақорлық секілді жаман әдеттер тиылады деп тұжырым жасаған.