«Заңның 12-бабына сәйкес археологиялық жұмыстарды жүргізу қызметі лицензияланады. Лицензия алуға үміткер ұйымда міндетті түрде тәжірибелі ғалымдар мен мамандар жұмыс істеуі тиіс. Лицензияны жергілікті атқарушы органдармен келісе отырып, уәкілетті орган береді. Бүгінгі күні археологиялық қазбаларды жүргізуге 24 ұйымның лицензиясы бар. Қазбалар барысында табылған материалдар тіркелгеннен кейін мемлекеттік музейлерге тапсырылады. Археологиялық ізденістер аяқталғаннан кейін лицензиат 10 күннің ішінде Министрлікке есеп береді. Заңсыз археология қазбалары үшін Қылмыстық кодексінің 295-бабына сәйкес жауапкершілік қарастырылған», - деп жазады ол.
Жауап мәтінінде берілген анықтама деректеріне сүйенсек, археология саласында заң бұзушылық жасаған тұлға жазаның үш түрін арқалауы мүмкін. Олар: 2000 АЕК көлемінде айыппұл төлеу, 600 сағатқа дейін мерзімде қоғамдық жұмыстарға тарту, 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру.
Ал іздестірудің арнайы құралдары қолданған жағдайда (металл іздегіштер, радарлар, магниттік аспаптар) жауапкершілік 5000 АЕК-ке дейін немесе қоғамдық жұмыстарда 1200 сағатқа дейін ұлғайтылады. Сондай-ақ қылмыскер 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.