Ескерткіш Ақсу ауданындағы Қапал ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 7 шақырым жерде орналасқан. Мұнда археологиялық қазба жұмыстары 2023 жылдан бері археолог Рүстем Жұматаевтың жетекшілігімен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары тарапынан жүргізіліп келеді.
Осы уақытқа дейін қалашық ғылыми айналымға енгізілмеген. Биылғы далалық маусым барысында зерттеушілер қаланың орталық бөлігі — цитадельде қазба жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мұнда қорғаныс қабырғалары мен мұнара құрылыстарының орындары анықталған.
Қазба кезінде ортағасырлық қала тұрғындарының тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін көптеген керамикалық бұйым табылды. Олардың қатарында астық пен су сақтауға арналған қыш ыдыстар, құмыралар, тостағандар, майшамдар, сондай-ақ өрнек салуға пайдаланылған сүйек құралдары бар.
Бұл ескерткіште алғаш рет археоботаникалық зерттеулер басталды. Ошақтар мен шаруашылық шұңқырларынан алынған үлгілер флотация әдісі арқылы зерттеліп отыр. Жұмыстар Германиядан келген археоботаника маманы Кристиан Лейппен бірлесіп жүргізіліп жатыр.
— Жалпы мені адам мен қоршаған ортаның өзара байланысы қызықтырады. Адамдар климаттың өзгеруіне қалай бейімделді және өздері қоршаған ортаға қалай әсер етті. Сонымен қатар, уақыт өте келе адамның тамақтану жүйесінің қалай дамығанын, нақтырақ айтқанда, қандай өсімдіктерді тұтынғанын және қай түрлерін өсіргенін зерттеймін. Бұған археологиялық ескерткіштердегі мәдени қабаттарда күйген өсімдік қалдықтарын табуға мүмкіндік беретін археологиялық зерттеу әдісі — археологиялық ботаника арқылы қол жеткізіледі, — деді Кристиан Лейпп.
Сондай-ақ археозоологиялық зерттеулер барысында қалашық аумағынан жануарлардың 941 сүйегі есепке алынған. Мамандар ірі қара малдың, қой мен ешкінің, жылқының, түйенің, иттің, бұғының, еліктің және құстардың қалдықтарын тапты. Ғалымдардың пікірінше, бұл деректер ортағасырлық қоныс тұрғындарының негізгі кәсібі мал шаруашылығы болғанын көрсетеді.
Зерттеушілердің айтуынша, Қапал-Қызылағаш қалашығы Жетісудың ортағасырлық тарихын және Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан елді мекендерді зерттеуде маңызды орын алады.
Айта кетейік, Маңғыстауда тарихи Қарақабақ қалашығы зерттеліп жатыр.