Археологтер су астынан ежелгі жәдігерлерді тапты

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – Zhanibekov University археологиялық орталығының зерттеушілері Түркістан облысы, Ордабасы ауданындағы Бөген су қоймасында барлау жұмыстарын жүргізді.

Биыл жыл басынан басталған қуаңшылықтың салдарынан қойманың арнасы тарылған еді. Су қоймасы астында қалған тарихи-мәдени ескерткіштерге экспедиция бір аптаға жалғасып, нәтижесінде құнды жәдігерлер табылды.

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Ғылым және жоғары білім министрлігі мәліметінше, бұл жәдігерлер – кейінгі палеолит пен мезолит кезеңіне тиесілі еңбек құралдары. Бір жерде шоғырланған кейінгі палеолит кезеңіне тиесілі 10-ға жуық халцедон тасы, нуклеустер және кесуге, жонуға арналған тас пластиналар бар.

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Су эрозициясы нәтижесінде тас кезеңіне тиесілі жәдігерлер мұқият зерттелінді.

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Сонымен қатар кейінгі қола дәуіріне жататын бірнеше жерлеу орындарына қазба жұмыстары жүргізілді. Жерлеу орнында адам мүрдесі нашар сақталған. Сырты геометриялық сызықтармен безендірілген керамикалық ыдыстар, сондай-ақ ортаңғы бөлігі қоладан жасалып, сырты алтынмен көмкеріліп қапталған самай әшекейін ерекше айтуға болады. Шығыршық, қоладан жасалынған қос білезік, кенерлі сырға мен бас киімді әсемдеуге пайдаланған көптеген ұсақ моншақтар да табылды.

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Археологиялық орталық жетекшісі А.Подушкин, ғылыми қызметкер Г.Стамқұлованың айтуынша, Түркістан облысы аумағынан әлі күнге дейін бұл кезеңге тиесілі осындай бұйымдар табылмаған.

Экспедиция кезінде қаңлы-сармат кезеңіне жататын жерлеу орны да анықталды. Бұл жерде жауынгердің жанынан үш қанатты, қанаттары төменге қаратылған сапты жебе ұштары, тұрмыстық пышақ, құмыра және тоға табылды. Б.з.д. І ғ. – б.з. І ғ. мерзімделеді. Бұған қарап өңірде көне дәуірден бастап адамдардың толассыз мекендеуі жалғасып отырғанын байқауға болады.

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Қазба жұмыстары өңірдегі Ұлттық тарихи-мәдени қорық қызметкерлерімен бірлесіп атқарылды. Жәдігерлер зерделеніп, кейіннен мұражайға өткізіледі.

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Айта кетейік, Қазақстан археологтері Павлодар облысынан сақ дәуіріне тиесілі қола пышақтар тапты.

Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Археология және қазба жұмыстарымен 20 жылдан астам айналысып жүрген Әлкей Марғұлан атындағы археология институты Ерте металл археология бөлімінің басшысы, Phd, аға ғылыми қызметкер әрі трасолог Альбина Ержанова Kazinform агенттігінің тілшісіне замауани археология мен ондағы әйелдердің орны туралы айтып берді.

Алматылық археологтер сақ дәуіріне тиесілі алтын жүзік тапты.