Архимед Мұхамбетов: Ақтөбедегі жағдай бізде де қайталануы мүмкін

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов ескі лифттерді жөндеуге арналған аймақтық бағдарлама құруды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін облыс басшысының төрағалығымен Қостанай қаласын дамыту мәселелеріне арналған кеңес өтті. Жиында Қостанай қаласындағы Қоғамдық қадағалау комиссияларының үйлестіру кеңесінің төрағасы Татьяна Земляная ескірген лифттерді жөндеу бойынша қиындықтар туындап жатқанын айтты.

«Біздің үйлестіру кеңесі қадағалайтын көпқабатты үйлердегі лифттер әбден ескірді. Тіпті 25 жыл бұрын пайдалануға берілгендерін қолданып келеміз. Кейбірі пайдалануға мүлдем жарамсыз. Енді оларды жөндеуге көмек берсеңіздер екен. Бұл тұрғындардың өтініші», - деді Т.Земляная.

Қостанай қаласының әкімі Базыл Жақыповтың айтуынша, қазіргі уақытта қала бюджетінен лифт ауыстыруға қаржы бөлінбейді. Себебі, ол тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы бойынша іске асырылады. Өз кезегінде облыс әкімі ескілерін жөндеуге, ауыстыруға арналған аймақтық бағдарлама құруды тапсырды.

«Жақында осындай тозығы жеткен лифт кесірінен Ақтөбеде бір әйел қаза болды. Дәл мұндай жағдай біздің жақта да болмауына кім кепіл. Қостанайда 1960 жылдары пайдалануға берілген көпқабатты үйлер бар. Енді өздеріңіз есептей беріңіздер, олардағы лифттердің тұрғанына қанша жыл? Қалада 272 лифт бар. Бұл соншалықты көп емес. Мысалы, Ресейдегі Щербинск зауытындағы лифттерді 5-8 млн теңгеге сатып алуға болады. Осыған байланысты бағдарлама құрып, депутаттардың келісімімен жөндеуге немесе ауыстыруға қаржы бөліңіздер», - деді Архимед Мұхамбетов.   

Облыс басшысы лифттерді жөндеуге арналған аймақтық бағдарламаны облыстағы басқа қалаларда да қабылдауды ұсынды.