Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, 2017 жылы еңбек қатынастары бойынша уәкілетті органға жұмысшылардың еңбек құқығының бұзылғаны туралы мыңнан астам шағым түскен.
«2016 жылмен салыстырғанда анықталған құқықбұзушылықтар 37 пайызға көбейіп отыр. Мұның ішіндегі еңбек қатынастары 34 пайыз, еңбек қауіпсіздігін қорғау 81 пайызға, халықты жұмыспен қамту бойынша тәртіпбұзушылық 2 есе өскен»,-дейді М. Жүндібаев.
Шағымдардың басым бөлігін еңбекақы төлеу мәселелері құраған.
«Өткен жылы мыңдаған жұмысшыға 120 млн теңгенің жалақысы өндіріліп берілді. Жалпы 250 млн теңгенің қарызын қайтарып бере алдық. Бүгінгі таңда еңбекақы бойынша бір ғана мекеменің мойнында 1,1 млн теңгені құрайтын қарыз тұр. Ол Қостанайдағы «APN» ЖШС»,-деді облыс әкімінің орынбасары.
Жиын барысында кәсіпорындар мен борышкер компания басшыларының есімдері аталды. Айыппұл салынғаныға қарамастан, көптеген кәсіпорындар еңбек заңнамасын бұзуды жалғастыруда. Жалақы төлемей қоюымен қатар кейбір мекеме басшылары өз қызметкерлерін зейнетақы төлемдерінен айырып отыр.
Басшылардың барлығы облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың алдында есеп берді.
«Ең бастысы барлық жұмыс берушілерге қатысты біздің өз тетіктеріміз бар. Мен қорқытып, үркітіп тұрған жоқпын тек сыпайы түрде әкімшілік кодекстің 87 бабын естеріңізге салып, ескертіп тұрмын. Үнемі мониторинг жасап отырамыз, жалақы қарыздарынан құтылмағандарға айыппұл салып, шара қолданамыз»,-деді облыс басшысы.