Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Олжас Нұрғалиевтің айтуынша, Тобылдың сол жақ жағалауындағы құрылыс жұмыстары аяқталып қалды.
Биыл 430 млн теңгеге өзен жағасына дейінгі 220 метр аумақты жөндеу жоспарланып отыр.
Оның сөзінше, жағалау маңындағы ескі үйлер кедергі келтіруі мүмкін.
«Тұрғындардың келісімімен ескі үйлерді құлату керек. Дегенмен, барлығы заң жүзінде болсын. Үй иелеріне өтемақы төлеңіздер. Өзен жағасына жақын үйлердің қоршауларын бірдей қалыпқа келтіріңіздер. Оған демеушілерді тарту қажет. Көмектессін!» - деп тапсырма берді өңір басшысы.
Архимед Мұхамбетов арнайы велосипед жолын салуды ұсынды. Сондай-ақ, жағалаудағы жолдардың кескін-сызбасы әкімдіктің ресми сайтына ілінеді. Жағалаудағы дуалдардағы суреттерді көрген әкім бұл бастаманы қолдайтынын айтты.
«Мұның барлығы қаланың көркі үшін жасалады. Содан соң сапалы құм төсеу керек. Осы арқылы құмдағы волейболды дамытуға болады. Жалпы, жағалауда спорт алаңдары көп болуы тиіс»,- деп сөзін жалғады Архимед Бегежанұлы.
Айта кетейік, жағалаудағы құрылыс 63 696 шаршы метр аумақты құрайды. Жоспар бойынша, 1 қарашада алғашқы нысандар тапсырылады.
Өңір басшысы қала шетіндегі «Корей көпірінде» болды. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ғылымбек Шахметов мұндағы екіжолақты жолдың орнына төртжолақты өтпе жол салынатынын мәлім етті. Көпірдің ұзындығы - 250 метр.
«Жоба құны 116 млн теңге шамасында болады. 15 желтоқсан күні бұл аумаққа арнайы сараптама жасалады. Негізі 2019 жылы көпірді қайта жаңартатын боламыз», - деді басқарма басшысы.
Архимед Мұхамбетов көпірдің құрылыс-монтаждау жұмыстарына келесі жылы кірісуді тапсырды.
03:33, 12 Қазан 2017
Архимед Мұхамбетов Тобыл жағалауындағы құрылыс алаңында болды
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Тобыл өзені жағасындағы саябақты абаттандыру жұмысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.