Андрей Горваттың сөзінше, бұл қаражат былтырғымен салыстырғанда 200 млн теңгеге артық. Сол себепті шалғай аудандардағы жол жөндеу жұмыстарына қаражат тартуға мүмкіндік бар.
«Республикалық маңызы бар «Қостанай-Қарабұтақ» автомобиль жолының ұзындығы 114 шақырым учаскесін қайта жаңарту үшін құрылыс-монтаж жұмыстарына 4 млрд теңге бөлінді. Жобаның жалпы құны 36 млрд теңгені құрайды, жұмыстың аяқталу мерзімі 2021 жылға жоспарланған. Учаске бойынша осы жылдың 1 маусымынан бастап жұмысқа кірісеміз және биыл 30 шақырым автожол пайдалануға беріледі», - деді А.Горват.
Ал облыс әкімі Архимед Мұхамбетов ұлттық компанияның филиалына ескерту жасады.
«Алдымен, «Рудный-Денисов» және «Арқалық- Есіл» бағыттарын қайта қалпына келтіріңіздер. Жұмыстарды 2020 жылға дейін аяқтауды тапсырамын. Өйткені, бұл жолдардың республикалық маңызы бар екенін естен шығармаңыздар. Ал Сіздер бәрін керісінше істейсіздер.
«Арқалық-Есіл» тасжолының сапасы сын көтермейді. Біз 40 жыл жөндеу көрмеген облыстық маңызы бар Амангелді-Жанкелдин жолын жаңғыртып болдық. Ал республикалық жолдарды ретке келтіру әлі тұралап тұр. Мұндайға жол бермеу керек. Асығамын деп, сапа жағын екінші орынға сырғытып тастамаңыздар. Осыны қатаң ескертемін», - деді өңір басшысы.
Сонымен қатар, биыл «Екатеринбург-Алматы» халықаралық жолының 714-716 шақырымы жөнделеді. Бұған 774 млн теңге қарастырылған. Жұмыстарды «ВАН» ЖШС және «МО-25» мердігерлік ұйымдары орындайды.