Архив саласы түгел цифрландырылады – Мәдениет министрі
АСТАНА. KAZINFORM - Орталық мемлекеттік архив жанынан 700 мың сақтау орны бар жаңа архив қоймасы салынады және «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесі қосылады. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева айтып берді.
«Жәдігер құжаттарды сақтап, баптау – біздің ұрпақтың еншісіндегі қастерлі парыз. Осы ретте Орталық мемлекеттік архив жанынан 700 мың сақтау орнына арналған архив қоймасын салу жоспарланып отыр. Қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Дегенмен, архив саласындағы басты міндет – оларды түгел цифрландыру. Бұл жұмыс қарқынын едәуір үдетеміз және бұл менің министр ретіндегі ең бірінші қойып отырған талабым», - деді А. Балаева Қазмедиа орталығында министрліктің алқа отырысында.
Министр жаһандық цифрландыру процессі архив саласын да айналып өтпегенін атап өтті.
«Осы орайда «Құжаттардың бірыңғай электрондық архиві» ақпараттық жүйесі әзірленді. Бүгінде бұл жүйеге 1 591 ұйым қосылды. Өткен жылы ақпараттық жүйе 103 талаппен толықтырылып, жаңғыртылды. Биылғы жоспарға сәйкес мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар электронды құжаттарды мемлекеттік сақтауға тапсырады», - деді А. Балаева.
Сонымен бірге барлық ведомство мен жүйелердің кітапханаларына Қазақстандық ұлттық электрондық кітапхана кезең-кезеңімен енгізіледі. Биылғы бірінші тоқсанда пилоттық жобаға қосылатын 2 облыстық кітапхана бар.