Әріптесін басынан атып өлтірген полицей психологтың есебінде тұрған

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда әріптесін басынан атып өлтірген полицейдің соты жалғасып жатыр. Қылмыстық іс мамандандырылған ауданаралық сотта қаралып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сотта судья Алматы полициясының қызметкері, психолог Альбина Сағатбаевадан түсініктеме алды. Штаттағы психолог күнде полиция инспекторларынан тест қабылдайды. Сонымен қатар, ол психологиялық тұрғыдан жіті бақылауды қажет ететін қызметкерлердің жай-күйін бақылап отыруға міндеттелген. Атап айтқанда, ішімдік, есірткі пайдаланатын, жақынынан айрылған адамдар бақылауда болған.

Өзінің әріптесі, әрі күйеу баласы Сәбит Бегланұлын атып өлтірген инспектор Азамат Берістемов осыдан бір жылдай уақыт бұрын әкесінен айрылған. 2018 жылы 31 наурызда Талдықорған облыстық қорғаныс департаментінің басшысы Бердібек Берістемовты өзінің орынбасары кабинетінде атып өлтірген болатын.

Психологтың айтуынша, сотталушы барлық тестіден жақсы көрсеткіш жинаған. Психологиялық тұрғыдан дені сау болған.

«Біздегі қызметкерлердің барлығы жыл басында тестілеуден өтеді. Берістемов те өтті. Оның әкесі оққа ұшқан соң, біз оны мамырда тағы тестілеуден өткіздік. Әңгіме-дүкен жүргіздік. Тестілеу нәтижесінде оның дені сау болып шықты. Ол психологиялық тұрғыдан тұрақты, күйзеліске төзімді көрінді. Ол тым сенімді, өзін-өзі өте жоғары бағалайтын. Тік мінезді, қырсықтығы да бар еді. Сонымен қатар, адамдармен жақсы тіл табысатын, достары да көп еді», - деді Альбина Сағатбаева.

Ал марқұм болған Сәбит Бегланұлы басқа бөлімшеде қызмет еткен. Ол да психологиялық тәуекел тобында болған.

«Жыл басында оны да психологиялық жіті бақылау тобына енгізді. Өйткені, ол өзінің орынбасарымен келіспей қалған. Бір рет ішімдік ішіп алып, батальон командирін жекпе-жекке шақырған. Одан соң оның орнына мен тағайындалдым. Жалпы алғанда, оның қызметінде ешқандай ескерту болған жоқ», - деді қалалық жол полициясы арнайы батальоны командирінің орынбасары Ержан Мұзабаев.

Сот процесіне қатысқан басқа куәлар Сәбит Бегланұлын мейірімді, байсалды адам ретінде сипаттады.