«Әріптестердің келісімінсіз әскери базаға орын жоқ» - республикалық басылымдарға шолу
***
Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевтың төрағалық етуімен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның қорытынды мәжілісі өтті. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Болашақтың» жаңа мүмкіндіктері» деген тақырыппен мақала басылды. Басылымның атап өтуінше, комиссия отырысының қорытындысы бойынша 216 үміткерге «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау туралы шешім қабылданды. Комиссия 2012 жылға арналған басым мамандықтар тізбесін бекітті. Тізбе бойынша 74 мамандық бар. Тағы бір ескере кететін жәйт, мамандарды даярлау тек магистратура мен докторантура (PhD) бағдарламасы шеңберінде ғана іске асырылмақ. Білім саласы өкілінің айтуы бойынша, 2011 жылғы «Болашақ» бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстар қорытындыланды. Түлектерді жұмысқа орналастыру мәселесі сөз болды. Сонымен қатар келесі жылдан бастап «Болашақ» стипендиясына ие болуға үміткерден міндетті түрде жұмыс беруші жақтың кепілдік хаты талап етілмек.
«Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Халықтық саяси-консультативтік кеңесінің төрағасы Асқат Керімбайды қабылдады», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Кездесу барысында Қазақстан мен Қытайдың екіжақты қатынастарын одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Басылымның жазуынша, жоғары деңгейдегі өзара сапарлардың жиілігін атап өте келіп, Қ.Мәми ҚХР Халық өкілдерінің Бүкілқытайлық жиналысы Тұрақты комитетінің (ХӨБЖ ТК) Төрағасы У Бангоның биылғы қыркүйек айындағы Қазақстанға жасаған алғашқы ресми сапарының нәтижелерін жоғары бағалады. «Бұл сапар Қазақстан мен Қытайдың жан-жақты стратегиялық әріптестігін нығайтуға, парламентаралық деңгейдегі байланыстарды дамытуға жаңа серпін берді», - деді Сенат Төрағасы.
***
Сенат басшысы маңғыстаулықтарды сабырға шақырды. «Мен барша жаңаөзендіктерді, Ақтаудың және Маңғыстаудың барлық тұрғындарын тәртіп пен сабыр сақтауға шақырамын! Отанымыздың тұрақты дамуының кепілі - елдің бірлігі мен қоғамдағы тұрақтылық. Бұл - елдің әрбір азаматының парызы! Мұны үнемі есте сақтауымыз керек», - деді Қайрат Мәми. «Айқын» газетінің жазуынша, Сенат спикері бұл мәлімдемесін кеше Жоғарғы палатаның жалпы отырысында жасаған. Мақала «Тыныштық қана тірек бола алады» деген тақырыппен берілген. «Жаңаөзен қаласында орын алған оқиғаның негізінде сот арқылы, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдармен және жұмыс берушілермен реттелуге тиісті қатардағы еңбек дауы жатыр. Бірақ осы әлеуметтік мәселені басбұзарлық жасауды көздеген жеке топ саясиландырып, қоғамдық тәртіпсіздікті бұзу әрекетіне әкеп соқты», - деген ол.
***
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапары аясында ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысты», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті бүгінгі санындағы «Әріптестердің келісімінсіз әскери базаға орын жоқ» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның атап өтуінше, сессия барысында Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан басшылары ҰҚШҰ-ға мүше елдердің қауіпсіздігі үшін ұйымның қызметін одан әрі жетілдіру және еуразиялық кеңістіктегі қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі тетіктерінің бірі ретінде оның рөлін орнықтыруға қатысты стратегиялық мәні бар кешенді мәселелерді талқылаған. Сонымен қатар ҰҚШҰ-ға барлық жарғылық органдары бойынша төрағалық ету Беларусьтан Қазақстанға өткен.
***
«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, Мемлекет басшысының атына ел, үкімет басшыларынан, халықаралық ұйымдардың өкілдерінен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты құттықтаулар толассыз келіп түсуде. Мәселен, Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев: «Қазақстан өткен жылдар ішінде өз Президентінің дана басшылығымен экономикалық және қоғамдық-саяси жаңарулар, өзінің халықаралық беделін нығайту ісінде айтарлықтай табыстарға жетті», - деп атап өтсе, Иран Ислам Республикасының Президенті Махмұд Ахмадинежад құттықтау хатында Қазақстан өзінің дамуы мен гүлденуі жолында алдағы уақытта да үлкен табыстарға жететініне сенім білдірген.