Әйел өз оқиғасын Threads әлеуметтік желісінде жариялаған. Аудиожазбада ол 2021 жылдан басталған оқиғаларды баяндаған. Сол кезде жүктілігінің сегізінші айында болған әйел Арыс қаласының тұрғынымен танысқан. Оның айтуынша, ер адам дүниеге келетін баланы өз қызындай қабылдауға уәде берген. Алайда қыздың биологиялық әкесі басқа адам болған.
Әйел Арыс қаласындағы перзентханада босанған. Оның сөзінше, нәресте алғашқы үш күнде өзін жақсы сезінген. Алайда босанғаннан бірнеше күн өткен соң дәрігер қызының қайтыс болғанын хабарлаған. Анасының айтуынша, баласының денесінен көптеген ине шаншығандай іздерді байқаған. Осы жағдайдан кейін ол баланың өлімінің мән-жайын анықтау үшін құқық қорғау органдарына жүгінген.
Арада екі жыл өткен соң әйелдің танысқан ер адамнан екінші қызы дүниеге келген. Ал 2026 жылы денсаулығына байланысты қызын әкесінің қарауына берген. Кейін оның айтуынша, баласымен кездесуі қиындай түскен.
— 2026 жылы қаназдыққа байланысты ортақ қызымызды биологиялық әкесінің қарауына бердім. Содан кейін ол баланы маған көрсетпей қойды. Қызымның жағдайы жақсы екеніне көз жеткізу үшін полиция арқылы барып жүрдім. Кейін баланың денесіндегі көптеген тыртықты видеоға түсіріп алдым. Барлығын суретке түсірдім. Қамқоршылық органдарынан МРТ (магниттік-резонанстық томография) жасатуды талап еттім, бірақ олар УДЗ ғана жасады. Балабақшаға барған сайын қызымның денесінен жаңа тыртықтарды көретінмін. Өтінемін, баламды қорғап, маған қайтарыңыздар, — деді әйел аудиожазбада.
Әйел жарияланымына қызының денесіндегі іздер бейнеленген фотосуреттерді де тіркеген. Оның күдігінше, балаға заңсыз медициналық араласулар жасалуы, соның ішінде сүйек кемігінен сынама алынуы мүмкін. Ол бұл күдігін 2021 жылы тұңғыш қызының қайтыс болуымен байланыстырып, кіші қызының денсаулығын тексеруді сұраған.
Түркістан облыстық полиция департаментінің Kazinform агенттігіне хабарлауынша, әйелдің арызын Арыс қаласының полиция қызметкерлері уәкілетті органдар өкілдерімен бірлесіп тексерген. Тексеру нәтижесінде баланың өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрғаны туралы ақпарат расталмаған.
— Ағымдағы жылдың қыркүйек айында анасы қызын жеке заттарымен бірге әкесінің қарауына бергені анықталды. Содан бері бала әкесімен бірге тұрады. Қызды мамандар тексерді. Денсаулық жағдайы қанағаттанарлық, денесінде көзге көрінетін жарақаттар анықталған жоқ. Бала балабақшаға барады, — деп хабарлады Түркістан облыстық Полиция департаменті.
Полиция мәліметінше, сауалнама жүргізілген көршілер әйелдің тіркелген мекенжайында жиі болмайтынын және айналасындағылармен жанжалдасатынын айтқан.
— Кәмелетке толмаған баланың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау мәселесі полицияның ерекше бақылауында. Баланың тұруы мен тәрбиеленуіне тиісті жағдай жасау мақсатында уәкілетті органдармен бірлесіп қажетті шаралар қабылданып жатыр. Жиналған материалдарды кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия отырысында қарау ұсынылды, — деп толықтырды құқық қорғау органдары.
Айта кетейік, соңғы екі жылда Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғау жүйесін күшейтуге бағытталған 11 заң мен бағдарлама қабылданды. Сонымен қатар 158 нақты шараны қамтитын «Қазақстан балалары» бағдарламасы іске қосылды.