Арыста асыл тұқымды қошқарлардың көрме-сайысы өтті

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM - Арыс қаласында тұқымы сирек кездесетін қошқарлардың көрме сайысы ұйымдастырылды. Қалалық орталық стадионда өткен шараға қой бағып, қошқар баптаған шаруалар 200-ден аса қошқар әкеліп, өзара бақ сынасты.

Фото: Арыс қаласы әкімдігі

Көрмені арыстық кәсіпкер Алмаз Шүкірбеков пен қаланың белсенді шаруа қожалықтары ұйымдастырды. Шараның ашылу салтанатына қала әкімі Гүлжан Құрманбекова қатысып, көрменің маңыздылығына тоқталды. Игі істі ұйымдастырушылар мен мал басын асылдандыру бағытында еңбек етіп жатқан шаруаларға сәттілік тіледі.

Фото: Арыс қаласы әкімдігі

«Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ауыл халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мен мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыруда дәстүрлі сала – қой шаруашылығын өркендетудің маңызы ерекше. Ендеше, шаруаларымыздың ісі берекелі болсын», - деді Гүлжан Құрманбекова.

Көрмеге алыстан арнайы келген құрметті қонақтар, асылтұқымды қой өсіруші шопандар мен ірі шаруақожалықтар қатысты. Құйрықты қылшық жүнді, қисары және арашан қой тұқымдары көрмеге қойылды.

Фото: Арыс қаласы әкімдігі

Сайыстың ережесі бойынша қазылар алқасы қойлардың салмағы мен бойына және экстерьеріне қарай баға берді.

Фото: Арыс қаласы әкімдігі

Қорытындысында Берік Сұлтан есімді қатысушының 144 келілік «Мүсін» қошқары ең жоғарғы салмақ көрсетті. Белгілі арыстық қойбегі Ақылбек Әлжанның «Гектар» атты қошқары 105,5 см бойды көрсетіп, биіктік бойынша чемпион атанды. Ал абсолютті салмақта Бақберген Әлжановтың «Куба» атты қошқары экстерьер бойынша үздік болды.

Фото: Арыс қаласы әкімдігі

Шымкенттен келген Бақтияр Балажанның «Тұран» қошқары 195 келімен жеңімпаз болып танылды. Қазылар алқасының шешімімен салмағы, бойы және келбеті ескеріліп, үздік қошқар иелеріне алғыс хаттар мен чемпиондық белбеу және кубоктар табысталды.