Арыста тағы жарылыс болды ма

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM – Түркістан облысының Арыс қаласында жарылыс болғаны туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарап жатыр.

Фото: видеодан алынған скрин

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Арыстағы әскери бөлімнен қатты жарылыс даусы естілген. Сонымен қатар ол аумақта өрт болғанын көрсететін кадрлар жарияланды.

Оқиғаға қатысты Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі түсініктеме берді.

– 2026 жылғы 19 тамызда сағат 19:00 шамасында Арыс гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінің техникалық аумағында құрғақ шөп тұтанды. Өрт кезінде жоюға алдын ала дайындалған оқ-дәрі фрагментінің дүмпу дауысы естілген. Зардап шеккендер мен қираған нысандар жоқ. Жағдай бақылауда. Өрт толықтай өшірілді, оқиға орнында тиісті қызметтер жұмыс істеп жатыр, – делінген ресми хабарламада.

Ведомство азаматтарды әлеуметтік желілерде тараған расталмаған ақпаратқа сенбеуге және тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырды.

Бұған дейін Арыс қаласындағы оқ-дәрі қоймасының жарылысы Қазақстан тарихындағы ірі техногендік апаттардың біріне айналғаны туралы жазған едік.