Электр энергетикасы саласындағы 13 инвестициялық жоба мақұлданды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Электроэнергетикалық Қауымдастығының жанындағы Нарық кеңесі электр энергетикасы саласындағы 13 инвестициялық бағдарламаға оң қорытынды берді. Жалпы құны шамамен 2,5 трлн теңгені құрайтын жобалар электр және жылу энергетикасы нысандарын жаңғыртып, елдің генерациялық қуатын арттыруға бағытталған. Бұл туралы Қазақстанның электр энергетикалық қауымдастығы мәлім етті.

Фото: KEGOC

Қазақстан Электроэнергетикалық Қауымдастығының негізгі функцияларының бірі — электр энергиясы мен қуат нарығының Кеңесі функцияларын атқару. Қауымдастық 2016 жылы Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің бұйрығымен Нарық кеңесі ретінде айқындалды.

Нарық кеңесі электр энергиясы мен қуат нарығының жұмыс істеуін мониторингтейді, қолданыстағы электр станцияларының инвестициялық бағдарламаларын қарайды, электр энергиясы мен қуатының болжамды жеті жылдық балансы бойынша, сондай-ақ ЖЭО үшін электр қуатына дайындықты қолдау қызметінің көлемін есептеу бойынша қорытындылар дайындайды және энергетика саласындағы нормативтік базаны жетілдіруге қатысады.

— Биыл Нарық кеңесіне 14 инвестициялық бағдарлама түсті. Қарау қорытындысы бойынша 13 жобаға оң қорытынды берілді — олар Энергетика министрлігінде одан әрі қарауға жіберілді. Бір инвестициялық бағдарлама қарау сатысында, — делінген хабарламада.

Жиынтығында, жарияланған жобалар жалпы орнатылған қуаты 1,7 ГВт электр қуаты және 900 Гкал/сағ-тан астам жылу энергиясы бар энергетикалық объектілерді жаңғырту мен дамытуды көздейді.

Осы жобалар бойынша электр қуатының күтілетін өсімі шамамен 1,2 ГВт, ал жылу қуатының өсімі — 400 Гкал/сағ-тан астам болады.

Осы жобаларды іске асырудағы жалпы инвестициялар көлемі шамамен 2,5 трлн теңге деп бағаланады.

Қуат нарығы механизмі жаңа генерация объектілерін салуға, сондай-ақ қолданыстағы электр станцияларын жаңғырту мен ұстап-күтуге инвестицияларды тарту үшін құрылды.

— Генерацияны дамыту үшін айтарлықтай қаржы ресурстары қажет. Энергетикалық компанияларды қолжетімді ұзақ мерзімді қаржыландырумен қамтамасыз ету маңызды, өйткені бұл инвестициялық жобаларды іске асыруды жеделдетуге және түпкілікті тұтынушылардың жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді, — деп атап өтеді Қазақстан Электроэнергетикалық Қауымдастығында.

ҚЭА электроэнергетика нарығының тұрақты жұмыс істеу механизмдерін дамыту және салаға инвестицияларды тарту үшін жағдай жасау бойынша жұмысын жалғастырады.

Айта кетейік, электр және жылу желілерін жаңғыртуға 22 млрд теңге жұмсалады.