Прокуратураның мәліметінше, 2015 жылы серіктестіктің құрамындағы жылжымайтын мүлік активтері заңсыз жекешелендіріліп, жеке заңды тұлғаның иелігіне өткен.
Атап айтқанда, Әуезов ауданында орналасқан, ауданы 2 108,3 шаршы метр жер учаскесі бар ғимарат жеке компанияның меншігіне заңсыз рәсімделген.
– Мемлекеттің мүліктік мүдделерін қорғау мақсатында Алматы қаласы Әуезов ауданының прокуратурасы жекешелендіру шартын және одан кейінгі мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы сотқа талап арызбен жүгінді, – деп хабарлады Алматы қаласының прокуратурасы.
Іс сот сатыларында қаралып, нәтижесінде прокуратураның ұстанымы қолдау тапты.
– Кассациялық соттың қаулысымен прокуратураның талап арызы толық көлемде қанағаттандырылды. Соның нәтижесінде құны 1,3 млрд теңге болатын актив мемлекетке қайтарылуға жатады, – делінген хабарламада.
Прокуратура мәліметіне сәйкес, сот шешімі «Қазақ энциклопедиясы» ЖШС-нің мемлекетке тиесілі үлесін заңсыз иеліктен шығару фактілерін жоюға және мемлекеттің мүліктік құқықтарын қалпына келтіруге мүмкіндік берді.
Еске салайық, бұрынғы Мәдениет және спорт министрі, ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы 2022 жылы мамырда қамауға алынды.
Антикор музей басшысына «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесін өткізу барысында қаржы жымқырды деген айып тақты.
Былтыр ақпанда Арыстанбек Мұхамедиұлы 11 жылға бас бостандығынан айырылды.
Дегенмен Арыстанбек Мұхамедиұлы сотта кінәсін мойындамады.
Өткен жылы тамызда Апелляциялық сот Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты үкімді қайта қарады.
Айта кетсек, Арыстанбек Мұхамедиұлына тиесілі спорт мектебі мемлекетке қайтарылды.