Арқалық әуежайы алғашқы рейсті қабылдауға дайындалып жатыр

ҚОСТАНАЙ.KAZINFORM – Қостанай облысында Арқалық әуежайының құрылысы аяқталуға жақын. Бұл жұмыс Мемлекет басшысының IV Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасы аясында атқарылып жатыр.

Фото: Қостанай облысы әкімдігі

Жоба Торғай өңіріндегі әуе қарым-қатынасын қалпына келтіріп, көлікпен қатынау мүмкіндігін арттыруға бағытталған. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, бүгінгі күні терминал құрылысы мен инженерлік жұмыстың негізгі бөлігі орындалды. Құрылысты осы жылдың 31 шілдесінде толығымен аяқтау жоспарланған.

Фото: Қостанай облысы әкімдігі

Жоба жаңа жолаушылар терминалын салумен шектелмейді. Сонымен қатар авариялық құтқару бекетінің, арнайы техникаларға арналған көлікжайдың, бақылау- өткізу пункті мен диспетчерлік мұнара құрылысы көзделген. Ұшу-қону жолағы, рульдеу жолы және ұшақтар тұрағы қайтадан жаңғыртылып жатыр. Әуежай қолданысқа берілгеннен кейін сағатына 70 жолаушыға дейін қызмет көрсете алады, бұл көрсеткіш алдағы уақытта арта түспек. 

Жуырда әлеуметтік желіде жергілікті блогердің әуе алаңының ішкі көрінісі көрсетілген бейнежазбасы кеңінен тарады. Ролик қазақстандықтардың жоғары бағасына ие болды. 

Фото: Қостанай облысы әкімдігі

Сонымен қатар мұнда тұрақты әуе рейстерін іске қосуға дайындық қызу жүріп жатыр. Қостанай — Арқалық бағытын субсидиялауға облыстық бюджеттен 239,3 млн теңге бөлінді. Әуе тасымалдаушысын анықтау конкурсы 2026 жылдың 24 шілдесінде жарияланды.

Мемлекет қолдауының арқасында Арқалық-Қостанай және Арқалық-Астана аралығындағы әуе билеттерінің бағасы 10 мың теңге болады. Ал Арқалық-Алматы аралығында ұшу құны - 25 мың теңге.

Әуежайдың ашылуы Қостанай облысының Арқалық, Амангелді және Жангелді, Ақмола облысының Жарқара аудандарындағы көлік қатынасының қолжетімділігін арттырмақ. Еліміздің өзге аймақтарына тезірек жету мүмкіндігін 80 мыңнан астам тұрғын пайдалана алады.
Жобаның жүзеге асуы Торғай өңірінің экономикасына да оң ықпал етеді деп жоспарланып отыр.

Фото: Қостанай облысы әкімдігі

Жергілікті билік бұдан аймақтың инвестициялық тартымдылығы жоғарылап, шағын және орта бизнес дамып, кәсіпорындардың логистикалық шығыны төмендейді, сауда, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі мен қызмет көрсету салаларының аясы кеңейеді деген сенімде. Одан бөлек әуежай ашылған соң 136 жаңа тұрақты жұмыс орны пайда болады. 

Бұған дейін Арқалық әуежайының құрылысына қайтарылған активтер есебінен 6 млрд теңге бөлінгені хабарланған еді.