Арқалықта ет тапшы ма
АСТАНА. KAZINFORM – Әлеуметтік желіде Арқалық тұрғындары ет тапшылығы мен мал союдағы қиындықтар туралы айтып жатқан бейнежазба тарады.
Ет сатушылардың айтуынша, малды ет комбинатына жеткізіп, сою қызметіне ақы төлеу өнімнің өзіндік құнын арттырады.
Бұл жағдайға қатысты қала әкімдігі түсініктеме берді. Жергілікті биліктің мәліметінше, бүгінде уәкілетті орган ветеринариялық бақылау және қадағалау жөніндегі аумақтық инспекция ветеринариялық ілеспе құжаттарды рәсімдеу және беру қағидаларының орындалуын бақылау жұмыстарын жүргізіп жатыр.
- Қолданыстағы заңнама аясында ветеринариялық анықтамаларды рәсімдеу малды ресми жағдайда сою қамтамасыз етілген кезде ғана мүмкін, яғни ветеринариялық-санитариялық талаптарға сай жұмыс істейтін сою пункттері немесе алаңдары арқылы жүзеге асырылуы тиіс, - делінген түсініктемеде.
Соңғы мәлімет бойынша, нарық пен сауда нүктелерінде сатуға арналған малды сою «Торғай Ет» ЖШС ет комбинатының сою алаңында жүргізіледі. Аталған кәсіпорын толық ветеринариялық-санитариялық бақылау циклін, ілеспе құжаттарды рәсімдеуді және етті уақытша сақтауды қамтамасыз етеді.
- «Торғай Ет» ЖШС-нің баға прейскурантына сәйкес, сою қызметінің құны ұсақ мал бір басқа 5 622 теңге, ірі қара мал – 20 873 теңге, жылқы – 30 900 теңге. Қажет болған жағдайда етті сақтау үшін бір тоннасына айына 110 000 теңге көлемінде төленетін тоңазытқыш камера ұсынылады, - деп хабарлады әкімдік.
Сонымен қатар «Тугамбаева-Р» жеке кәсіпкерлігіне тиесілі сою алаңында талап бұзушылықты жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мекемені қарашаның ортасында қайта іске қосу жоспарланып отыр. Өңірде қосымша үш сою пунктін салу мүмкіндігі де қарастырылып отыр.
Қазір етпен қамтамасыз ету мақсатында Қостанай қаласындағы «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы «Қарасу Ет» ЖШС-нен нарық бағасынан төмен бағамен 300 келі сиыр еті жеткізілген.
Таяуда Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров елімізде ет бағасы келесі жылы да қазіргі деңгейде сақталу керектігін айтты.