Арқалық қаласын дамыту жоспары әзірленді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Арқалық қаласын әлеуметтік-экономикалық дамыту мақсатында кешенді жоспар жобасы әзірленді. Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұрынғы Торғай облысының құрамына кірген Арқалық қаласын, Амангелді және Жангелді аудандарын әлеуметтік-экономикалық дамыту мақсатында тиісті кешенді жоспар жобасы әзірленді. Көрсетілген жоба жалпы сомасы 504,6 млрд теңгені құрайтын 138 іс-шарадан тұрады және қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдармен келісілуде. Келісілгеннен кейін ол Республикалық бюджет комиссиясының отырысына шығарылатын болады», - деп атап өтеді Үкімет басшысы.

Премьер-Министр өңірдің жолдарын, инженерлік-коммуникациялық инфрақұлымын, ұялы байланысы мен интернетін дамытуға, газификациялауға, өндіріс әлеуетін арттыруға, Арқалық қаласының политехникалық колледжін материалдықтехникалық қамтамасыз етуге, денсаулық сақтау жүйесін және агроөнеркәсіп кешенін дамытуға және қабылданатын іс-шараларға қатысты неғұрлым толық ақпарат депутаттарға қосымша жолданатындығын атап өтеді.

«Жалпы жоғарыда көрсетілген мәселелер Үкіметтің ұдайы бақылауында және оларды шешу бойынша жұмыс одан әрі жалғасатын болады», - деді ол.

Ашық көздерден алынған фото