Арқалық тұрғындары түн ішінде бірден екі көлікті тонаған

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Автокөлікті айдап кетушілердің видеосын Қостанай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Арқалық қаласының полиция басқармасының кезекші бөліміне бірінші қоңырау тұрғылықты тұрғыннан 29 шілде күні сағат 3 кезінде келіп түседі.

Ер адам Горбачев көшесіндегі 45-ші үйдің ауласынан «Ауди» маркалы автокөлігінің жоғалып кеткені туралы хабарлады.

Арыз беруші оқиға орнына келген полицейлерге кілтті көлікте ұмытып кеткенін айтып берді.

«Полиция қызметкерлері Бейсен Тәуірбаев пен Дүйсембай Сәбитбеков шұғыл іздестіруге кіріседі. Бірнеше минут өткеннен кейін көлік көрші ауладан табылған, алайда көліктің бөлшектері түгел болмаған, - деді полицияда. – 03:48-де полицияға тағы бір қоңырау түседі. Бұл жолы қаскүнемдер «LADA 21713» маркалы автокөлігін айдап кеткен. Көлік иесі оны Горбачев көшесіндегі 34-ші үйдің ауласына қалдырған. Оның айтуынша, көлік терезелерінің біреуі соңына дейін жабылмаған».

Патрульдеу кезінде тәртіп сақшылары жолдың шетінде тұрған «Приора» маркалы автокөлігін байқайды.

Полицейлерді көрген қаскүнемдер қаша бастаған, алайда полицейлер оларды ұстады.

Қазіргі кезде аталмыш фактілер бойынша соталды тергеу жүріп жатыр, іс ҚР ҚК-нің 1-бөлімі 200-бабы бойынша тіркелген.

18-24 жас аралығындағы үш күдікті кінәсін мойындады.

Көлік иелері полицейлердің жұмысы үшін алғысын жеткізді.