Арқалық тұрғыны қылмыстық іске жалған айғақ берген

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Арқалық қалалық соты жол-көлік оқиғасына жалған куәлік еткен тұрғынға қатысты істі қарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іс материалдарына сүйенсек, 2017 жылғы сәуір айында қала тұрғыны А. ішкі істер бөлімінде тұрып, жол-көлік апатына куәгер ретінде жалған айғақ көрсеткен.

«Ол басқа тұлғаның қылмыс жасағаны туралы анықтама берді. Сондай-ақ, ойдан шығарылған мән-жайларды айтып, Арқалық қаласы ІІБ лауазымды тұлғаларын жаңылыстыруға тырысқан. Қала тұрғыны А. сот отырысында айыбын мойындады», - делінген облыстық соттың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Айыпталушы А. өзінің жалған айғақ бергені үшін өкінетінін айтып, жазаны жеңілдетуді өтінген. Осылайша, жазаны тағайындау кезінде А.-ның бұрын сотталмағаны, мінездемесі, тұрғылықты жері бойынша оқып жатқаны ескерілді.

Арқалық қаласы сотының үкімімен азамат А. ҚР ҚК 420-бабы, 1-бөлігімен айыпты деп танылып, 1 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Ол осы уақыт аралығында пробациялық бақылауда болады.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.