Арқалықта бірнеше әлеуметтік нысан ашылды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовтің аудандардағы сапары Арқалық қаласында жалғасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі Арқалықтағы бірнеше әлеуметтік нысанды аралады. Солардың бірі - «Жанұя» медициналық орталығы.
 

«Үш қабатты ғимарат барлық талапқа сай. Заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жарақталған денсаулық сақтау мекемесі бір ауысымда жүз адамды қабылдай алады. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында жүзеге асқан жоба құны - 100 миллион теңге. Бұдан бөлек, 50 млн теңгеге медициналық жабдықтар сатып алынды. Енді жергілікті халыққа сапалы ем-дом қабылдау үшін облыс орталығына барудың қажеті жоқ. Аталған орталықты «Арсенал» ЖШС өз қаржысына салды», - деп мәлімдеді Арқалық қаласының әкімі Амантай Балғарин.

Осы клиниканың ашылуы нәтижесінде кардиолог, терапевт, невропатолог, гинеколог және көз дәрігері сияқты алты маманға жұмыс табылды. Жалпы, биыл Арқалық өңіріндегі медициналық кадр тапшылығы айтарлықтай шешілді. Шаһарға өзге аймақтардан бірнеше дәрігерлер тартылды.

Өңір басшысы «Ай-Әли» атты қайта жөндеуден өткен балабақшаға бас сұқты. Былтыр жеке кәсіпкер Әсем Мәжитова коттеджді мектепке дейінгі білім беру мекемесіне айналдырып, ішін қажетті құрал-жабдықтармен толтырды. Күрделі жөндеу жұмыстарының құны 317 млн теңгеге шықты. Ата-аналар айына бар шығынның үштен бір бөлігін ғана төлейді. Әзірге мұнда 20 бүлдіршін тәрбие алып жатыр.
 

Мұның сыртында шағын қалада тағы бір балабақша ашылды. 50 орынға шақталған «Балдырған» балабақшасы да мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында халық игілігіне берілді. Бүгін жаңа нысанға «Алюминстрой» ЖШС «HYUNDAI» микроавтобусын сыйға тартты.
 

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жеке кәсіпкерлердің игі істеріне өз ризашылығын білдірді. Ол бүгін Арқалық қаласының әкімі Амантай Балғариннің халық алдында есеп беру жиынына қатысады.