Жыл басынан бері қаланың кәсіпорындарымен өнеркәсіп өнімінің көлемі 5 млрд 887 млн теңге құрады. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 1 млрд теңгеге кем. Ал өнеркәсіп өнімінің нақты көлемі - 86,3%.
Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласында да іркіліс бар. Ауылшаруашылық өнімінің жалпы шығарылымы 10 млрд 899 млн теңге болды. 2016 жылдың дәл осы кезеңінде бұл көрсеткіш 12 млрд 565 млн теңгеге сай еді.
«Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында айтылғандай, аграрлық сектор ел экономикасы өсімінің негізгі драйвері болуы керек. Арқалық қаласы өндіріс көлемінің 65%-ы ауылшаруашылық саласына, 35%-ы өндірістік салаға тиесілі. Ауылшаруашылық өнімінің жалпы көлемінің индексі 91,1% көрсеткішке жетті. Қалада шағын және орта бизнес субъектілерінің 2065 бірлігі тіркелген. Қала бюджетіне шағын және орта бизнестен 1 млрд 7 млн теңге салық түсті», - дейді Балғарин.
Қала әкімінің сөзіне сүйенсек, ағымдағы жылдың басынан бастап мемлекетік бағдарламалар шеңберінде 24 кәсіпкер жалпы сомасы 126 млн теңгеден асатын қолдауға ие болды. Жаңадан 60 жұмыс орны ашылған.
Қала бойынша бір жұмыскердің 2017 жылғы қаңтар-қазан айлары бойынша орта айлық еңбек ақысы 89579 теңгені құрады. Бұл былтырғы жылмен алып қарағанда 4120 теңгеге артық. Есепті кезең бойынша 1203 адам жұмыспен қамтылды, мұның сыртында 155 адам қысқа мерзімді кәсіпкерлік оқуына, 184 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілді.
Тұрғын үй-коммуналдық саласында да көңіл көншітерлік көрсеткіштер жетерлік.
«2016-2017 жылдарға арналған жылыту маусымына 3713 тонна көмір жеткізілді. ҚР Үкімет Резерві және облыстық бюджеті есебінен қалаға жалпы көлемі 19 мың 121,1 тонна отын мазутын сатып алуға 1 млрд 219,3 млн.теңге сомасында қаражат бөлінді», - деп түйіндеді қала әкімі.