Арқалықтан Астана мен Қостанайға әуе рейстері ашылуы мүмкін

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Арқалық қаласынан Астана мен Қостанайға ұшу бағыты ашылуы мүмкін. Бұл туралы Арқалық қаласының әкімі Амантай Балғариннің тұрғындармен кездесуінде белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиында қалалық «Арсенал» ЖШС басшысы Сәбит Әбдіқадырұлы Арқалықтан елордаға және Қостанайға әуе бағытын ашу туралы ұсыныс айтты.

«Біз бұл мәселені SCAT компаниясымен бірігіп, талдадық. Олар да қызығушылық танытты. Егер әкімдік тарапынан субсидия бөлінсе, әуе бағытын ашуға дайынбыз. Біздегі ұшу жолақтары барлық талаптарға сай келеді», - деді Әбдіқадырұлы.

Өз кезегінде Архимед Мұхамбетов бұл бастаманы қолдайтынын айтты. Дегенмен, ұсыныс бір-екі жылда іске асырылмайтын болды.

«Бастама дұрыс. Бірақ, әуелі, әуежай салып алу керек қой. Ал біз қазіргі уақытта тек Қостанай әуежайын қалыпқа келтіруге қаржы бөлдік. Осы жылы жөндеу жұмыстары басталады. Қайта жөндеуден өткен соң ұзындығы 2,8 шақырым жолаққа ие боламыз», - деді облыс басшысы.

Еске салайық, жиында сөз болған Қостанайдың халықаралық әуежайы жекешелендірудің екінші кезеңі аясында саудаға қойылды.