Оқиға Арқалық қаласынан 80 шақырым жерде болған. Жезқазған қаласына бағыт алған «Mercedes-Benz Vito» көлігі батпақта тұрып қалған.
«2018 жылдың 7 қарашасы күні сағат 17.00-де Арқалық қаласы Солтүстік өңірлік аэромобильді ұтқыр жасағына Терісаққан өзенінің жанындағы жолда автокөлігінің тұрып қалғаны туралы хабар келіп түсті. Көліктің нөмірі Қырғыз мемлекетіне тиесілі екені анықталды», - делінген ҚР ІІМ ТЖК баспасөз хабарламасында.
Көлікте 7өзбек азаматы болған. Олардың 3-еуі - бала. Сондай-ақ, олар нақты мекенжайларын айта алмаған.
Арқалық құтқарушылары көлікті іздеуге 5 сағат 50 минут жұмсады. «Mercedes-Benz Vito» Терісаққан өзенінің маңындағы өткелден табылды. Көлік батпаққа батып бара жатқан жерден шығарылды.
Жолаушылар Арқалық қаласына жеткізілді, медициналық көмекке жүгінген жоқ. Өз кезегінде олар құтқарушыларға алғыстарын білдірді.