Арқалықтың жылу беру жүйелерінің 87% тозған – Әкімдік қандай шара қолданады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Арқалықта 37 шақырым жылу жүйесі болса, биыл соның 7 шақырымы күрделі жөндеуден өтеді. Әбден ескірген жылу жүйелері туралы Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Расында да, Арқалық қаласында республика бойынша ең тозығы жеткен жылу жүйелері бар. Премьер-Министр тапсырмасымен біз барлық қалада техникалық аудит жүргіздік. 1 маусымға қарай аудит аяқталып, қай қалада, қай бөліктерінде нақты қанша шақырым тозған жүйе барын көріп отырмыз. Арқалықта 37 шақырым жылу жүйесі болса, биыл соның 7 шақырымы жөнделеді», - деп жауап берді Қ. Ақсақалов агенттік тілшісінің сұрағына.

Осылайша, Арқалықтағы жылу жүйелерінің тозу деңгейі 87%-тен 67%-ке төмендейді.

«Ал Президент тапсырмасына сай, бұл көрсеткіш ең кемі 40%-ке дейін түсуі керек. Ол үшін 2025 жылы да бұл жұмыс жалғасады, жобалық-сметалық құжаттамаларымыз дайын», - дейді өңір әкімі.

Жалпы облыста жылумен жабдықтау желілерінде апатты жағдайларды болдырмау үшін биылғы қаржыландыру 18 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 есеге көп. Қаражаттың негізгі бөлігі Қостанай, Рудный, Арқалық және Лисаков қалаларын жылумен жабдықтауға бағытталған.